+7 (727) 267-28-83

2801012025 жылғы 28 қаңтарда ҚР Ұлттық кітапханасында ақын, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Мырзалиев Қадыр Ғинаятұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Зерделі жырдың зергері» атты әдеби музыкалық кеш және кітап көрмесі өтті.

Іс-шараның ұйымдастырушылары: ҚР Ұлттық кітапханасы, Қадыр Мырзалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығы, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры, Қазақстан Жазушылар одағы.

Шараның мақсаты – ақынның қаламынан туған тұғыры биік туындылар мен ел жадынан өшпейтін естеліктерді өскелең ұрпаққа насихаттау.

Шығармашылық кешті танымал сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры Донеділ Қажымов жүргізді.

Кеште белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ақын Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.

Шара аясында «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильм көрсетіліп, ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Гүлмира Ақүрпекова, Дәлел Уәшев және т.б. өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.

Сонымен қатар, Ұлттық кітапхана қорынан қазақтың классик ақыны Қадыр Мырзалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ жырының Қадыры» атты академиялық кітап және мерзімді басылымдар көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде ақынның жеке кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар ұсынылды.

Көрме 5 бөлімнен тұрады:

  1. «Тағлымы терең ақын»
  2. «Аударма өрнегі»
  3. «Алғысөзбен ашылған қазына»
  4. «Шабытпен шырқалған әндер»
  5. «Жалынды жырдың жауһары»

Көрмеге кітапхана қорынан 500-ге жуық материал қойылған.

Қатысушылар: ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, көрнекті қазақ қаламгерлері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің жеке құрамы, UIB көпсалалы колледжінің студенттері, Ғ.Мүсірепов атындағы № 86 мектеп-гимназиясы оқушылары және кітапхана оқырмандары.

2801 1   2801 2   2801 3   2801 4
2801 7   2801 6   2801 8   2801 5