ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің оқу залында ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «АБАЙ-ДАРА, АБАЙ-ДАНА...» және ұлы Тұрағұл Абайұлының 150 жылдығына арналған «КЕМЕҢГЕР ОЙДЫҢ ЗАҢҒАРЫ» атты тарихи танымдық кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Көрмеде Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған араб, латын графикасымен және кириллицамен жазылған туындылары ұсынылды. Көрмеге 39 туынды, оның ішінде өзге тілдерде жазылған 18 шығармасы, 3 энциклопедия, 4 библиографиялық көрсеткіш, 10-ға жуық мақала қойылды.
Көрме үш бөлімнен тұрады:
Бірінші бөлімде, Абайдың өзінің шығармалары, немере інісі Кәкітай мен ұлы Тұрағұлдың жинақталуымен Санкт-Петербург қаласында жарық көрген алғашқы жинағы (1909), М. Әуезовтің баспаға әзірлеуімен, І. Жансүгіров алғы сөзін жазған, «Қазақстан» баспасынан 6 мың данамен жарық көрген «Толық жинақ» (1933), «Толық жинақ» (1939), Абайдың орыс тілінде Москвадағы мемлекеттік «Художественная литература» баспасынан Л.Соболевтің редакторлығымен, М.О.Әуезовтің алғы сөзімен жарық көрген «Таңдамалы шығармалары» (1945), «Шығармаларының толық жинағы» (1948) жинақталған.
Екінші бөлімде ақын шығармашылығы туралы мақалалар ұсынылды. Атап айтқанда, Мәскеу қаласынан шыққан «Восточный сборник в честь А.Н.Веселовского» (1914) Шығыс жинағының 43-ші нөмірінде жарияланған «Жаз», «Ауыл түні», «Поэт» деген өлеңдері мен бірнеше қара сөзі, «Әл-Шархиатта» басылған Нұқ Рамазановтың «Абай Құнанбаев (1845-1904)» (1914 ж.) мақаласы, «Отчёт Семипалатинского отдела Русского географического общества» (1924-1925 жж.), Ғ.Тоғжанов «Абай» (1935) монографиялық очеркі, М.Әуезов, Б.Кенжебаев «Абай қазақтың ұлы ақыны» (1945), В. А. Рождевственский «Избранные стихи» (1936), М. С. Сильченко «Абай классик казахской литературы» (1940), «Абай: очерки жизни и творчества» (1945), А.Жиренчин «Абай и его русские друзья» (1949) шығармалары қамтылды. «Отчёт Семипалатинского отдела Русского географического общества» (1924-1925 жж.) жылдық қорытындысында Абай Құнанбайұлының өмірден өткеніне 20 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс ұйымдастырылғаны атап өтіледі. Бұл шарада Х.Ғаббасов пен М.Әуезов қазақ тілінде баяндамалар жасап, Абай туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, Абайдың досы Көкбай Жанғаев естеліктерімен бөлісіп, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы маңызды деректермен бөлісті.
Үшінші бөлімде Абай туралы сирек баспасөз беттеріндегі мақалалар мен құжаттар қойылды. Мәселен, «Абай» (1918) журналы, Семипалатинский листок газетінде жарияланған А.Бөкейхановтың «Абай (Ибрагим) Құнанбаев (некролог)» (1905, №252) мақаласы, «Қазақ» газеті бетіндегі құнды дерек – А.Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» (1913) мақаласы, «Шолпан» журналдары, М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (Абайдың қандай ақын екендігі туралы) (1922, №4-5) мақаласы және «Әйел теңдігі» журналында басылған І.Жансүгіровтың «Абайдың әйел теңдігіне атсалысуы» (1927, №2) сынды құжаттардың түпнұсқасы ұсынылды.
Абайдың үміт күткен, мұрасының жинастырылып, қалпына келтіруде еңбек сіңірген сүйікті ұлы, шебер аудармашы, ақын-жазушы Тұрағұл Абайұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «КЕМЕҢГЕР ОЙДЫҢ ЗАҢҒАРЫ» атты көрмеде XX ғасырдың алғашқы ширегінде (1925-1927) жылдары араб жазуымен жазылған басылымдар ұсынылды. Көрмеде 10-нан астам туынды, 2 энциклопедия, 4 аударма, 6 журнал мақаласы оқырман назарына қойылды.
Көрмеде Т.Абайұлының аудармаларының түпнұсқасы: Б.Белицердің «Қолдағы малдардың, құстардың, құрт ауруы болмағының жайы» (1926) түпнұсқасы қойылды, Г.Сперанскийдің «Балалы әйел не білу керек?» (1927), А.Неверовтың «Мен өмірге жерікпін» (1927), Д.Лондонның «Баланың ерлігі» (1928), Таң журналының 1925 жылғы санында жарияланған М.Горкийдің «Челкаш» қарастырылды.
Соның ішінде, Т.Абайұлының әдеби мұраларының ішіндегі ең кұнды еңбегі – М.Әуезовтің өтініші бойынша жазған «Әкем Абай туралы» естелігі. Қазақ әдебиетіндегі естелік жанрының бастауында тұрған бұл еңбегін ол М.Әуезовтің өтініші бойынша жазған. Абайдың мінез-құлық ерекшеліктерін, өлең жазардағы көңіл-күйін қызықты суреттеген Тұрағұл ақын шығармаларына талдау жасайды, оның шығармаларының негізін көркем аудармалар құрайды. Бұл естелік мақала кейіннен Б.Бисеғалиевтің құрастыруымен «Әкем Абай туралы» (1993) атауымен жеке кітапша болып шықты.
Құрметті оқырман! Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінде ұйымдастырылған Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Тұрағұл Абайұлының 150 жылдығына арналған тұрақты тақырыптық көрмеде ұлы тұлғалардың суреттері мен басқа да құнды түпнұсқа еңбектермен таныса аласыздар!