+7 (727) 267-28-83

Ұлттың рухын оятқан

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің оқу залында алаш зиялысы, қоғам қайраткері, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілі, ағартушы, ақын, жазушы, библиограф, «Қазақ» газетінің жауапты хатшысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай «ҰЛТТЫҢ РУХЫН ОЯТҚАН...» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – М.Дулатұлының шығармашылық мұрасын насихаттап, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ көпшілікті белгісіз құнды деректермен таныстыру.

Көрмеде сирек қор мұрасынан 20-ға жуық еңбек, соның ішінде 5 аударма және ол туралы зерттеу жұмыстары ұсынылды.

Мәселен, «Оян, қазақ!» (жазылған жылы белгісіз), «Азамат» өлеңдер жинағы, «Балқия» атты 4 перделі пьесасы (1922), Г.Петровтан аударылған «Құлдар досты» (жазылған жылы белгісіз) шығармасының қолжазба құжаттары көрмеден ерекше орын алды.

Орынбор, Қазан, Ташкент қалаларында жарық көрген «Есеп құралы: Бастауыш мектепте оқылатын» (1914) және «Бастауыш мектепте ІІ-жыл оқылатын есеп құралы» оқулығының 1921, 1922, 1926, 1927, 1928 жылдары қайта басылған нұсқалары, 1924 жылы шыққан, «Оқу құралы: Бастауыш мектепте ІІ-жыл оқылатын қирағат кітабы», сондай-ақ 1925, 1926, 1928 жылдары басылған «Бастауыш мектепте І-жыл оқылатын есеп құралы», «Ахмед Байтурсунович Байтурсунов: биографический очерк» (1926), «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші» (1926, 1927) түпнұсқалары қойылды. Оған қоса, 1927 жылы Б.Даниярұлының қырғыз тіліне аударған «Баштооч мектепте ІІ-жыл оқулатурған есеп құралы» кітабы және 1923-1924 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Шолпан», «Жас Қазақ» журналдарында жарық көрген мақалалары ұсынылды. Кітапхананың экспедиция нәтижесінде Ресей Ұлттық кітапханасынан әкелінген «Азамат» (1913), «Терме» (1915) кітаптарының көшірмелері де көрмеден көрініс табады.

Солардың ішінде, қазақ кітаптарының ең алғашқы библиографиялық көрсеткіші саналатын, 2 бөлімнен тұратын «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші» ерекше көзге түседі. 1926 жылға дейінгі Қызылорда, Ташкент, Мәскеу және басқа қалаларда басылған кітаптарды қамтыған бұл көрсеткіш сол кезеңнің өзінде библиографиялық сирек басылымға айналып үлгерген.

Қадірлі оқырмандар! Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі сіздерді Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «ҰЛТТЫҢ РУХЫН ОЯТҚАН...» атты тұрақты көрмеге шақырады. Көрмеде тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек құжаттар мен түпнұсқа еңбектерімен таныса аласыздар.