Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің оқу залында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, редактор, жазушы, сыншы-әдебиетші Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуына орай «ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – сирек қор мұрасын насихаттау, оқырмандарды Смағұл Сәдуақасұлының өмірімен және қызметімен, ғылыми еңбектерімен таныстыру.
Көрмеде сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы араб жазуымен жазылған 10-ға тарта еңбектері, оның ішінде 5 кітап, 3 журнал мақаласының түпнұсқасы қойылды.
Мәселен, Орынбор қаласында басылып шыққан «Жастарға жаңа жол. Қазақстан жастарының кіндік комитеті» (1921), Қызылорда қаласында жарық көрген «Ұлт театры туралы» (1926), «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» (1927), «Күміс қоңырау» (1927) сынды кітаптары ұсынылды.
Қысқа ғана ғұмырын ұлт теңдігіне арнаған С.Сәдуақасұлы 1924 – 1925 жылдары редакторлық еткен «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналындағы мақалалары (1922, 1924) да көрмеден өз орнын тапты. Айта кетерлігі, С.Сәдуақасұлының редакторлық жолы алашшыл жастардың үні – «Жас азамат» газетіне атсалысудан басталып, Омбыда шығатын «Кедей сөзі» газеті (1920), «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде екі рет (1921 ж. қаңтар - 1921 ж. ақпан және 1925 ж. қаңтар - 1926 ж. сәуір), «Жас қазақ» (1923) газеттеріне жауапты болумен жалғасады.
Қадірлі оқырман! Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі ұйымдастырған «ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ» атты көрмеде тұлғаның құнды түпнұсқа еңбектерімен таныса аласыздар!
Көрме 31 наурызға дейін жалғасады.