Мерзімді басылымдар оқу залында "Қазақстан әйелдері" қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналының 100 жылдығына арналған "Әйел теңдігі" көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты - оқырмандарды "Қазақстан әйелдері" журналының тарихымен және дамуымен , оның қоғамдағы әйел рөлін көрсетудегі және Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттаудағы маңыздылығымен таныстыру. Көрме сонымен қатар тарихи мұраларды сақтауға және журнал материалдарындағы құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған.
"Қазақстан әйелдері" қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналы әйелдер аудиториясына бағытталған. Басылым 1925 жылдан бастап жарық көрген және республикадағы ең көне қазақ тіліндегі журналдардың бірі болып табылады.
"Қазақстан әйелдері" журналы "Азат әйел" және "Теңдік" газеттерінің негізінде құрылды (1925 ж.). 1926 жылдың қаңтар айынан бастап журнал "Әйел теңдігі" атауымен шықты. 1935-1941 жж. және 1950-1954 жж. – "Сталин жолы", ал 1955 жылғы қаңтардан бастап "Қазақстан әйелдері" атауымен шығып келеді.
Журналдың негізгі тақырыптары: әйелдердің құқықтары, олардың қоғамдағы және отбасындағы рөлі; Қазақстанның дәстүрлері мен мәдениеті; сәндегі заманауи үрдістер, сұлулық пен денсаулық туралы; қазақстандық авторлардың әдеби шығармалары; қазақстандық әйелдердің тарихи жетістіктері; балаларды тәрбиелеу, шаруашылық жүргізу және аспаздық бойынша кеңестер.
Журналда әр жылдары жұмыс істеген бас редакторлар: Есова Сара Сәтпайқызы (1925-1932 жж.), Саналиева Нұржамал Сейсенғалиқызы (1932-1934 жж.), Арықова Нағима Ыдырысқызы (1934-1937 жж.), Бектембекова Мариям (1937-1949 жж.), Сейтқазиева Хасиба Ғаббасқызы (1949-1951 жж.), Жакетова Атина (1951-1980 жж.), Қарақұнақова Мария Сапашқызы (1980-1988 жж.).
1988 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін журналдың Президенті және Бас редакторы Жағанова Алтыншаш Қайыржанқызы болып табылады.
Журнал КСРО-ның "Құрмет Белгісі" орденімен марапатталған (1976 ж.).
Қазіргі уақытта "Қазақстан әйелдері" қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналы тақырыптардың өзектілігін және материалдардың жоғары сапасын сақтай отырып, тұрақты түрде шығуды жалғастыруда. Журнал екі айда бір рет 1700 данамен шығады.
Көрмеде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 68-ден астам журнал мен түрлі жылдарда жарияланған 4 газет мақалалары ұсынылды.
Көрмеге шақырамыз!