+7 (727) 267-28-83

Қазақстан мектебі 100

Мерзімді басылымдар оқу залында "Қазақстан мектебі" республикалық ғылыми-педагогикалық журналының 100 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Мерзімді басылымдар оқу залында "Қазақстан мектебі" республикалық ғылыми-педагогикалық журналының 100 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты - оқырмандарды "Қазақстан мектебі"  республикалық ғылыми - педагогикалық журналының 100 жылдық  тарихымен және көпжылдық қызметімен таныстыру,  журнал білім саласындағы педагогтар, академиялық мамандар үшін маңызды ақпарат пен идеялар көзі болып табылады. Көрме журналдың мектептегі білім беруді  дамытуға, тәрбие жұмысына және мұғалімдерді әдістемелік қолдауға қосқан  үлесін ашады.

"Қазақстан мектебі" республикалық ғылыми-педагогикалық журналы Қазақстандағы ең көне педагогикалық басылымдардың бірі болып табылады. Ол 1925 жылы тамызда құрылған. Оның негізгі бағыттары - мектептегі білім беру мәселелері, әртүрлі пәндерді оқыту әдістемесі, білім берудегі жаңалықтар, мектептердегі тәрбие жұмысы, жетекші педагогтар мен ғалымдардың сұхбаттары мен мақалалары.

"Қазақстан мектебі" республикалық ғылыми-педагогикалық журналы өзінің ғасырлық кезеңінде түрлі атаулармен шығып отырды. Мәселен "Жаңа мектеп" (1925-1933 жж.), "Ауыл мұғалімі" (1933-1938 жж.), "Халық мұғалімі" (1939-1941 жж., 1946-1959 жж.). 1960 жылдан бастап "Қазақстан мектебі" атауымен шығып келеді. Журналдың алғашқы жауапты баспагері болып көрнекті педагог-ағартушы, журналист М. Жолдыбаев тағайындалды.

Журнал редакциясында әр жылдары қоғам қайраткерлері мен жазушылар жұмыс істеді. Олар: А.Байтұрсынов, Т.Шонанов, Б.Сүлеев, С.Сейфуллин, Е.Омаров, С.Сәдуақасов, М.Дулатов, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және А.Бөкейханов. Журнал ғалымдарға, мұғалімдерге, балабақша тәрбиешілеріне, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне бағытталған.

Қазіргі уақытта "Қазақстан мектебі" журналының бас редакторы – Сания Бектенғалиева.

Журнал "Құрмет Белгісі" орденімен (1975 ж.), ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1985 ж.) марапатталды.

Қазіргі уақытта "Қазақстан мектебі" республикалық ғылыми-педагогикалық журналы айына бір рет 400 данадан астам таралыммен шығады.

Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 50-ден аса журнал мен 13  газеттің  әр жылдардағы  нөмірлері мен материалдары ұсынылған.

Көрмеге шақырамыз!