Диссертациялар бөлімінің С. Зиманов атындағы оқу залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы жеңіс: ғылыми көзқарас» атты ғылыми жұмыстар көрмесі ұйымдастырылды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – халықтың қаһармандық ерлігі. Бұл соғыс әлемдік тарихтың барысын, адамдардың тағдырын өзгертті. Жеңістің құны өмір бағасымен аса жоғары бағаланды. Ұлы Отан соғысы ғылымда да майданның құрылуына алып әкелді. Ол ғалымдарды өзге мәселелер мен ғылымның басқа да тұстарын кейінге қалдыра отырып, бірінші кезекте маңызды практикалық міндеттерді шешуге жұмылдырды.
Көрменің мақсаты – оқырмандарды Қазақстан ғалымдарының еліміздегі әскери және соғыстан кейінгі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму, өнеркәсіп, сондай-ақ мәдени құрылыс туралы жұмыстарымен таныстыру.
Көрмеде Ұлы Отан соғысының қазақ батырлары: Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұловалардың өмірі мен қызметін зерттеуге арналған диссертациялар ұсынылды. Олардың қаһармандығы жастарымызға патриоттық тәрбие беруде негіз болды.
Батырларымыз майдан даласында жаумен шайқасқан болса, тылда он мыңдаған өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, мәдениет қызметкерлері де жеңіс үшін шайқасты. Олар ғылымға, мәдениетке, өнеркәсіптің дамуына зор үлес қосты.
Көрмеде 1992-2023 жылдар аралығын қамтитын отыздан астам ғылыми жұмыстар, диссертациялар бар. Ғылыми еңбектер өнеркәсіп жұмысшыларының қалыптасуы, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі кезеңдегі Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық құрылымындағы өзгерістер және т.б. мәселелерге арналған.