Мерзімді басылымдар оқу залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер мен жердің жеңісі» атты көрме ұйымдастырылды.
Қазақстан Ұлы Отан соғысына айтарлықтай халқымен, жеткілікті дамыған өндірістік қуаты мен орасан зор табиғи ресурстарымен Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде кірді. Соғыс жылдарында 1 миллион 366 мың қазақстандық әскер қатарына шақырылды. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майданында нағыз ерлік көрсетті. Курск түбінде Украина мен Белоруссияны, Балтық жағалауы елдерін, Молдованы, Польшаны, Венгрияны, Чехословакияны, Австрияны, Германияны азат ету шайқастарында ондаған мыңдаған адамдар өз өмірін қиды.
Көрменің мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске орасан зор үлес қосқан қазақ жауынгерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін есте сақтау.
Көрме үш бөлімнен тұрады. «Отты жылдар жаңғырығы» тақырыбындағы бірінші бөлімі барша қазақстандықтардың ерлігі мен жанқиярлығына арналған. Сондай-ақ, Жестокая война/ В.Белоусов, Е.Бережная// Ардагер kz. - 2020. - N5. - 34-37 б. Екінші дүниежүзілік соғыс/ Ә.Сәкенқызы//АЙБЫН. - 2023.- N4. - 23-29 б., Қасым Қайсенов - Аңыз адам / Б.Ғалиева // Мәдениет. - 2023.- N5. 64 б. және т.б. журнал материалдары ұсынылады.
Екінші «Әлия» бөлімі аты аңызға айналған мерген, тұңғыш қазақ әйелі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған. Әлия өз еркімен майданға аттанып, өзіне сеніп тапсырылған қару-жарақты жетік меңгеріп, епті мерген ретінде танылды. Ол Балтық жағалауы майданының 54-атқыштар бригадасы 4-батальонының 3-рота жауынгері болды. Ол 1944 жылы Псков облысы Новосокольники бекеті темір жол маңындағы шайқаста қаза тапты. Көрмеде оның өмірі мен жауынгерлік ерліктері туралы материалдар ұсынылған: Қаһарман қыз – күпиясы сан ғасыр /Молдағұлова атындағы мұражай // Мәдениет.- 2023. - N7. 16-17 б., Тілектері – Отан қорғау болатын / Т.Дәулетбаева // SHEKARASHY. - 2020. - №2. 12-16 б. және т.б.
«Қазақтың қаһарман қыздары» атты қорытынды бөлімде Ұлы Отан соғысы майданындағы әйелдеріміздің ерлігі, қаһармандығы мен батылдықтары туралы материалдар берілген. Олар ерлермен иық тіресіп бір құрамда болды. Олардың қатарында көптеген мергендер мен пулеметшілер, артиллерияшылар мен ұшқыштар, ержүрек барлаушылар: мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші М.Мәметова, ұшқыштар Х.Доспанова мен Д.Жакеева, артиллерист А.Ақжолова және т.б. болды.
Көрмеге 100-ден астам журналдар мен 25-тен астам газет материалдары қойылған. Көрме бір жылға созылады және мерзімді басылымдардағы жаңа мақалалармен толықтырылып отырады.
Көрмеге шақырамыз!