«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – мәңгілік тағзым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең ірі әрі қасіретті кезеңдердің бірі болды. 1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германияның Кеңес Одағына басып кіруімен басталған бұл соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмап, мыңдаған қалалар мен ауылдарды қиратты. Соғыс әр отбасының тағдырына әсер етіп, тұтас ұрпақтың өмірін өзгертті.
Ұлы Отан соғысы – тек майдан даласындағы ерлік қана емес, сондай-ақ тылдағы ерлік, партизандардың жұмысы, әйелдер мен балалардың жеңіс жолындағы еңбегі. Оның сызаты миллиондаған адамның жүрегінде сақталып, әдебиет, өнер мен мәдениетте көрініс табуда.
Көрменің мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін ұрпақ жадында сақтау.
Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Ұлы Жеңіс: майдан мен тыл бірлігі!» атты бірінші бөлім соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың жанкешті ерліктеріне арналған. Көрмеде А. Ахбалаева «Алматы 1941-1945 гг. Тыловая хроника в документах»; Т. Көлбаев «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін»; Ә. Бектемісов «Жау жағадан алғанда»; Т. Балақаев «Қазақстан еңбекшілері майдан қызметінде» және т.б. әдебиеттер ұсынылады.
«Б. Момышұлы және соғыс шындығы» тақырыбындағы екінші бөлім Ұлы Отан соғысының аңызға айналған қатысушысы, даңқты қолбасшы, әскери жауынгер Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналады. Мұнда Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбіндегі шайқастар туралы мемуарлары, сондай-ақ оның өмірі мен ерліктері туралы биографиялық кітаптар ұсынылған. Соның ішінде: «За нами Москва», «Генерал Панфилов», «Психология войны»; Бахытжан Момышулы «Во имя отца»; З.Ахметова «Шуақты күндер»; «Бранденбург қақпасы: Кеңес Одағының Батыры, әскери жазушы Б.Момышұлы туралы естеліктер»; А. Бек «Волоколамск тас жолы»; Е. Әлімжан «Бауыржанның пырағы» және тағы басқалар.
Көрменің «Ешкім ешқашан ұмытылмайды…» атты үшінші бөлімінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мемуарлары, көркем шығармалар, зерттеу еңбектері мен әскери мемориалдар туралы кітаптар қойылған. Олардың қатарында:
О. Темірханов «Рейхстагқа ту тіккен Р. Қошқарбаев»; Х. Сүйіншәлиев «Ардагер ағалар»; Қ. Қайсенов «Жас партизандар»; М. Ғабдуллин «Майдан очерктері»; З. Сактаганова «Женщины Казахстана в годы Великой Отечественной войны: воспоминания и интервью»; Б. Жұмағалиев «Қазақтар Ленинград майданында».
Кітап көрмесі 500-ден астам әдебиеттерді қамтиды және жыл бойы жаңа басылымдармен үнемі толықтырылып отырады.
Кітап көрмесіне шақырамыз!