+7 (727) 267-28-83

Есенберлин

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында белгілі қазақ жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналған «Ұлттық рухтың шырағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ілияс Есенберлин 1915 жылы 10 қаңтарда Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген. 1940 жылы Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен және металлургия институтын бітірді. Кеңес әскері қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты (1940-1942 жж.). Жарақат алғаннан кейін, майданнан оралып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болды. Майданда жүргенде де әдебиет І. Есенберлиннің шығармашылық мазмұны болды, ал оның еңбек жолы алуан түрлі болды.

Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында, кейіннен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, Қазақ саяси баспасының редакторы болып қызмет атқарды, «Қазақфильм» киностудиясының сценарийлік-редакциялық алқасының мүшесі; «Жазушы» баспасының директоры болып,  Қазақстандағы осы ірі көркем әдебиет баспасының дамуына едәуір жағдай жасады. 1971-1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болды. 1975 жылдан бастап шығармашылық жұмысқа толықтай бет бұрды.

Жазушы 1945 жылдан бастап өлеңдері мен поэмаларының жинағын жариялады. 1969 жылы оның «Хан Кене» романы жарық көрді, кейіннен «Қаһар», «Алмас қылыш» романдары қосылып, әйгілі «Көшпенділер» тарихи трилогиясын құрады. Осы трилогияның желісімен «Көшпенділер» кинофильмі түсірілген. Оның шығармалары орыс, ағылшын, француз және басқа да әлем халықтарының тілдеріне аударылған. І. Есенберлиннің «Айқас» романы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.

І. Есенберлин Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Туған қаласы Атбасарда шығармашылығына арналған мұражай ашылып, жазушының тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Қазақстан қалаларындағы мектептерге, көшелерге есімі берілді.

Көрменің мақсаты – І. Есенберлиннің шығармашылық мұрасымен таныстыру және оны дәріптеу, жазушының қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін оқырмандарға таныстыру.

Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім: «Ұлы даланың даңқты ұлы» жазушының өмірі мен қызметі туралы материалдар: энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалар мен әдебиеттерден тұрады.

 «Тарихи роман табиғаты» атты екінші бөлім І. Есенберлиннің: 10 томдық шығармалар жинағы, «Сұлтан», «Айша», «Адамгершілік жыры», «Большевик туралы поэма», «Біржан сал трагедиясы», «Толқиды Есіл», «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Алтын құс», «Аққу құстың қуанышы», трилогиялар: «Көшпенділер», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар», «Алтын Орда» сияқты танымал шығармаларын қамтиды.

«Халық жүрегіндегі қаламгер» атты үшінші бөлімде І. Есенберлин туралы Қазақстанның белгілі жазушыларының естеліктері: Р. Бердібайдың «Түбі бір түрікпіз», «Ілияс Есенберлиннің поэзиясы», «Ақыл кені» атты еңбектері және мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар ұсынылады.

Кітап көрмесіне шақырамыз!