2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана тілі» газетінің №1 (1781) санына Қазақстан Республикасы Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты тақырыбындағы сұхбаты жарияланды.
Мемлекет басшысы өз сұхбатында өткен жылдағы еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылай келе, қазіргі кезеңдегі ел дамуының негізгі бағыттарын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықтың және көршілес мемлекеттермен байланысты нығайтудың маңыздылығына, экология және тұрақты даму саласындағы басымдықтарға, әсіресе болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтау қажеттілігін, азаматтардың өмірін жақсартуға, білім беру және денсаулық сақтау деңгейін көтеруге бағытталған реформаларға тоқталды.
Ел Президенті еліміздің беделін нығайтуға септігін тигізетін қазақтың салт-дәстүрлері мен мәдениетін сақтауға және насихаттауға айрықша мән беру қажет екендігін, яғни «Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңызды миссияның бірі», - деп атап өтті. Мәдени мұраны сақтау – бұл мемлекеттік саясат мәселесі ғана емес, әрқайсымыз үшін өзекті міндет. Біз салт-дәстүрді сақтап қана қоймай, ұлттық бірліктің негізін құра отырып, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Ү.ж. 5 қаңтарда ҚР Ұлттық кітапханасының ұжымы Мемлекет басшысының «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты тақырыбындағы сұхбатын талқылаудан өткізді.
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова өз сөзінде Президент сұхбатының бүгінгі таңда өзекті екенін айта отырып, оның кітапханашы мамандардың арасында талқыланып, өзіндік пікірлерін ортаға салуы дәстүрлі түрде өтетін шара екенін айтты.
Президент сұхбатын талқылау барысында директордың кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Юсупова Ажар Хамитқызы, ғылыми хатшы Дюсебаева Дариха Төребайқызы, кітапхана қызметкерлері Қасымбекова Құттықыз, Тұяқова Салима, жас мамандар Алтынбек Қанат, Макарам Аружан, Толықбаева Ақтоты өз ойларын ортаға салды.
Кітапханашы мамандар еліміздің өткені мен болашағы және бүгінгі күні үшін маңызды, халқымызды толғандырған басты мәселелерді, соның ішінде уақыт белдеуінің ауысуы, АЭС салу, сонымен қатар Қаңтар оқиғасы, Талғардағы трагедия, алапат су тасқыны, жыл соңында Ақтау маңында болған Әзербайжан ұшағының апаты сынды оқиғалардың біртіндеп, заң шеңберінде шешіліп келе жатқандығы, т.б. келелі мәселелерді талқылады.
Соңғы он жылдықта болмаған астық жинау бойынша рекордтық көрсеткіш, Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру, 3,8 миллионға жуық адам қатысқан «Таза Қазақстан» акциясының да жоғары деңгейде өткені туралы мәліметті кітапханашылар ерекше атап өтті.
Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаевпен болған сұхбат Қазақстанның болашақ жоспарлары мен оның халықаралық аренадағы рөлін түсінудегі маңызды қадам болғаны сөзсіз.