+7 (727) 267-28-83

оңғар

2024 жылғы 26 желтоқсанда ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Шалқар» радиосының қызметкері, журналист Оңғар Құралдың «БІЗ ҚАЛАЙ СӨЙЛЕЙМІЗ?» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Шараның модераторы - «Қазақ», «Шалқар» радиоларының аға редакторы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Бақыт Жағыпарұлы.

Тұсаукесер кешінде ардагер диктор, ҚР мәдениет қайраткері Аманжан Еңсебайұлы, әдебиеттанушы-ғалым Дандай Ысқақұлы, публицист, жазушы Марат Тоқашбаев, жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш, жазушы Болат Шарахымбай және т.б. зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, аталмыш кітаптың маңыздылығына тоқталды.

Өңделіп, толықтырылған атылмыш кітаптыңекінші басылымында 2002-2005 жылдары «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосындағы «Біз қалай сөйлейміз?» және 2011-2012 жж. эфирден берілген «Тіл мәдениеті» атты авторлық бағдарламалардың мәтіндік нұсқалары топтастырылған.

Жинаққа енгізілген аудиохабарлардың мәтіндік нұсқаларында тіл тазалығы, дұрыс сөйлеу мен сауатты жазу, терминдер мен ұғымдардың дұрыс аудармалары туралы сөз болды. Сондай-ақ, сөз тіркестерін орнымен қолдану, күнделікті айтып жүрген сөздеріміздің дұрыс-бұрыстығын бағамдау және туған тілімізге қатысты өзге де көкейкесті мәселелер кітаптың өн бойында түрлі тұлғалардың пікірлерімен талданып, тұщымды ойларымен дәйектелді.

Кітап студенттерге, мектеп оқушыларына, ұстаздарға, әсіресе, қолына қалам ұстаған журналистер қауымына аса қажетті көмекші құрал болмақ. Сонымен қатар, бұл еңбек тіл тағдырына бейжай қарамайтын, ана тілін ардақ тұтатын және сауатты сөйлеуге ұмтылып, өз тілін түзегісі келетін жалпы оқырман қауымға арналғандығы да шара барысында айтылды.

Тұсаукесер рәсіміне белгілі ғалымдар, қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары мен журналистер қатысты.

оңғар 1   оңғар 2   оңғар 3   оңғар 4