Қазақстан Республикасы Ұлтық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы, «Құрмет» орденінің иегері Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы және Электронды ресурстарды басқару қызметінің жетекшісі Жакупова Айтоты Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласына іс-сапармен барды.
Сапар аясында Б. Оспанова Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раевтың әзербайжан тіліне аударылған «Тасқын» кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысты.
Аталмыш кітап Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының және Әзербайжан мәдениет министрлігінің бірлескен жобасы аясында жарық көрді.
Шарада Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адиль Керимли; Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Иса Габиббейли; Қырғызстан Республикасының Әзербайжандағы елшісі Максат Мамытканов; Әзербайжанның халық жазушысы Чингиз Абдуллаев және тағы басқа әдебиет өкілдері сөз сөйлеп, Сұлтан Раевтың кітабы туралы пікірлерімен бөлісті.
Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы өз сөзінде «Біз Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының дайындауымен 17-ші кітапты жарыққа шығарып отырмыз. Қордың басты мақсаттарының бірі – түркі халықтарының көрнекті тұлғаларыны бай мұраларын болашақ ұрпаққа жеткізу. Осы бағытта қор «Түркі әлемінің көрнекті тұлғалары», «Түркі әлемінің әдебиет жауһарлары», «Түркі әлемінің ғылыми жауһарлары» кітап серияларын жарыққа шығарды», – деп атап өтті.
Шараға Әзербайжан Республикасының үкімет мүшелері, депутаттар, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.