+7 (727) 267-28-83

Әбдуәли Қайдар

Ө.М. Сұлтанғазин атындағы ғылыми қызметкерлерге арналған залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы-лингвист Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаровтың туғанына 100 жыл толуына орай «Тіл білімінің алып тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы мамырда қазақ орта мектебінің 9-сыныбын және педагогиканың он айлық курсынан кейін өз еркімен майданға аттанды. Соғыстан кейін А. Қайдаров С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, ал 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының аспирантурасына қабылданып, 1954 жылы «Ұйғыр тілі» мамандығы бойынша аяқтады. Аспирантураны бітіргеннен кейін Қазақ КСР ғылым Академиясында жұмыс жасады. 1958 жылы  шығыстану секторының аға ғылыми қызметкері, 1959 жылы - ұйғыр филологиясы бөлімінің меңгерушісі болды. 1961-1978 жылдары – Қазақ КСР ҒА директоры, ал 1995-2019 жылдары - құрметті директоры. 1982 жылы С.М. Киров Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасының профессоры, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері болды.

А. Қайдаров талантты оқушылардың тұтас бір тобын тәрбиеледі. Оның ғылыми жетекшілігімен 13 докторлық және 66 кандидаттық диссертация дайындалып, қорғалды. Академиктің ғылыми, ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметін ҚР Үкіметі жоғары бағалады. Ғалымның ғылыми қызметінің негізгі бағыттары: лексикология, диалектология және тіл тарихы, этнолингвистика, түркология және алтаистика, тіл саясаты, мемлекеттік тіл мәселелері және басқалар. Ол 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы.

А. Қайдаров III дәрежелі «Даңқ», I, II дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» және «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен және басқа да ордендермен марапатталған.

 Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады.

«Туған тілдің жанашыры» атты  бірінші бөлімінде А.Қайдаровтың өмірі мен қызметі туралы материалдар: энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалар және ол туралы әдебиеттер ұсынылған.

Көрменің «Түркі дүниесінің тіл тамыршысы» деп аталатын екінші бөлімі оқырмандарды академиктің ғылыми еңбектерімен таныстырады: «Структура односложных корней и основ в казахском языке», «Қаңлы» (тарихи шежіре), «Қазақ қандай халық?», «Казахи в мире материнского языка» І-ІІІ томдары, «Словарь парных слов казахского языка», «Введение в тюркологию» және т.б.

«Ұлттық ары қалғымаған тұлға» үшінші бөлімінде ғылыми қызметі туралы материалдар ұсынылған: «Қазақ терминжасамы», «Әбдуәли Қайдар: өнегелі өмір», «Ана тіліміздің абызы», «Лингвистикалық аксиология және Әбдуәли Қайдар» және т.б.

Көрменің мақсаты – А. Қайдаровтың өмірі мен шығармашылық қызметімен таныстыру, сондай-ақ қазақ және ұйғыр тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі тұлғаға оқырмандардың назарын аудару.

 Кітап көрмесіне шақырамыз!