+7 (727) 267-28-83

әжиев

Өнер бөлімінің оқу залында суретші, акварель шебері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және  «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, Ұлы Отан соғысына қатысушы Үкі Әжиевтің 100 жылдығына арналған «Акварель сырлары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Үкі Әжиев Алматы облысы Кемертоған ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Бүкілресейлік Өнер Академиясының жанындағы Ленинград өнер мектебіне оқуға түсті. Ал оқуды тоқтатуына Ұлы Отан соғысы, блокада, майдан, жарақат, демобилизация себеп болды.

1950 жылы Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін үздік бітірді. Кәсіби өсуге А. Қастеев, Н. Крутильников,   А. Черкасский сияқты шеберлермен қарым-қатынасы ықпал етті.  1950 жылдан бастап Үкі Әжиев республикалық және бүкілодақтық көрмелерге қатыса бастады. 1956 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды.

Үкі Әжиев – керемет акварель шебері. Қазақстанның акварель бояуы тарихының көптеген әдемі беттерінде өз қолтаңбасын қалдырған. Оның әрбір жұмысы су бояуларын шебер меңгергенімен қуантады. Қол мен көздің дәлдігі, табиғатқа адалдық және импровизация еркіндігі – оның акварельдік бейнелерінің негізі. Ол белгілі тұлғалар, жұмысшылар, ауыл еңбеккерлері, ғалымдар, жас замандастар суреттері, портреттерінің авторы: «Путешествие Чокана Валиханова» (1959), «Профессор М. Балакаев» (1962), «Студентка Бакыт» (1965), «Портрет народного художника Казахской ССР А. Кастеева» (1969), «У подножья Каратау» (1971), «Первоцелинники» (1974), «В степях Мангышлака» (1976),«Салют», «Вечерняя Алма-Ата» (1978), «Щедрая земля» (1978), «Табунщица» (1980), «Автопортрет» (1981), «Портрет моей супруги» (1995), «Картина гор» (1997)  және т.б.

Ү.  Әжиевтің есімі Қазақстанның көркем өнер ортасында және шетелде жақсы танымал. Халықаралық, бүкілодақтық және республикалық акварель көрмелеріне қатысқан. Оның жұмыстарын Лондон, Рига, Вильнюс, Баку, Киев өнер мұражайлары мен галереяларынан, Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясы мен Шығыс мұражайынан, Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайынан (Алматы) және Павлодар облыстық өнер мұражайынан, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Кореяның жеке коллекцияларынан көруге болады.

Үкі Әжиев – нағыз халық суретшісі. Егер Ү. Әжиев 10000-ға жуық туынды жасады деп есептесек, онда мұражайлар қорындағы туындылар жинағы – шебер мұрасының аз ғана бөлігі. Алайда, көрермен үшін дәл осындай «туындылар» дәуірді, адамдарды және өмірдің өзін, табиғат пен қоғамның ішкі күйі мен табиғаты арқылы қайта жасайды.

Көрменің мақсаты: Оқырмандарды қазақ суретшісі, акварель шеберінің шығармашылығымен таныстыру. Кітап көрмесінде Ү. Әжиевтің өмірі мен шығармашылық жолын ашатын «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1. А-В»; «Қазақстанның бейнелеу өнері тарихының очерктері»; «Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағы 1933-1991»; «Уке Әжиев. Альбом»; «Қазақстан өнерінің антологиясы»; «Қазақстандық портретке 100 жыл» және тағы басқа кітаптары қойылған. Сондай-ақ, оқырмандар мерзімді басылым беттеріндегі  суретші жайлы мақалалармен таныса алады.