2024 жылғы 22 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Қайрат Бестібаевтың 60 жас мерейтойына орай «Ғасырға сыр» «Дәмежан»,«Рота, подьем!» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Кешті ақын Ержан Алаштуған жүргізді.
Шара барысында Абзал Бөкен, Арасанбай Естен, Қуат Қайранбаев сынды ақын, жазушылар автордың шытырман оқиғалы прозалық шығармаларының жан-жақтылығымен мазмұнына тереңірек тоқталды.
Ақынның жаңа жыр жинағына кейінгі кезеңде жазылған туындылары топтастырылып, ғасырға сыр ақтара отырып, өз басынан өткерген әрқилы жағдаяттар мен сан түрлі сәттерді мәртебелі оқырман назарына ұсынған.
Мұндағы шығармалар шоқтығын «ғұмыр ғазалдары» десек, ақиқаттан алшақ кетпесіміз анық.
Күнделікті күйбең тірлік шырмауынан шыға алмай, тұмса табиғаттың саф сұлулығын сезінбеу, қоғам мен мемлекеттің қыруар мәселелеріне мүлде үн қатпау, кей-кейде айналамыздағы адамдардың сүйінген не күйінген кездерін көзге ілмеу – баршамыздың басымызда бар бағзы дерт, «бір кем дүние». Ал ақынның жанары – қырағы, жүрегі – сергек, қаламы – жүйрік. Осы сынды пікірлерді кеш қатысушылары ортаға салды.
Тұсаукесер кешіне ақындар, жазушылар, ғалымдар, студенттер мен кітапхана оқырмандары қатысты.