«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ө.М.Сұлтанғазин атындағы оқу залында Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, инженер-геолог А. А. Абдулиннің 100 жылдығына арналған "Геология саласының саңлағы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Айтмұхамед Абдулин 1924 жылы 29 қарашада Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Ұлытау кентінде дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Орта мектепті бітіре салысымен ерікті түрде Ұлы Отан соғысының майданына аттанды. Фашистік Германияны жеңгеннен кейін ол шығысқа – Жапониямен соғысқа аттанды. Екі соғыста жеңіспен оралған офицерлік атағы бар А. Абдулин бірден Шымкент облысы Бостандық аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетіне оқуға түседі. Университетті бітіргеннен кейін Қ.И.Сәтбаевтың өзі басқарып отырған ҚазКСР ҒА- ның Геология ғылымдары институтына жіберіледі.
А. Абдулин өзінің ғылыми қызметін Орталық Қазақстанның алтын-мыс-турмалин кен орындарын зерттеуден бастады, өз тақырыбы бойынша 1958 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. А. Абдулиннің диссертациялық жұмыстарының нәтижелері кейіннен Самарқанд күміс-алтынды молибденді өндіру орны ашылуына негіз болды.
А. Абдулин 1971 жылы « Мұғалжар геологиясы » атты докторлық диссертациясын қорғады. Кейінірек ол зерттеу жұмысы монография түрінде жасалды. 1978 жылы «Мұғалжар жер қыртысын кешенді зерттеу және Орал, Тянь-Шань және Орталық Қазақстанның тектоникалық құрылымдарының байланыс мәселелері» атты жұмысы үшін А. Абдулин бастаған ғалымдар тобына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
А. Абдулин жеке өзі және бірлесіп жазған 10 монографиялық жұмыс, сондай-ақ 300-ден астам ғылыми мақалалар жариялады. «Мұғалжар геологиясы», «Қазақстан геологиясы», «Мұғалжар Сакмар және Ор-Илек аймақтарының тектоникасы», «Орал, Тянь-Шань және Орталық Қазақстан құрылымдары артикуляция аймағының тектоникасы», «Қазақстанның жер қыртысының геодинамикасы», «Орал-Моңғол бүктелген белдеуінің геологиясы мен металлогениясының маңызды белгілері» «Қазақстанның геологиясы және минералдық ресурстары» (1994 ж.).- сынды монографиялар аса маңызды жалпылама жұмыстар болып табылады.
Соңғы монографиясы үшін Қ. И. Сәтбаев атындағы бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болды.
А. Абдулин Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, екі Қызыл Жұлдыз, «Құрмет», «Отан» ордендерімен, медальдармен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Грамоталарымен, сондай-ақ "Кен орнын ашушы", «Жер қойнауын барлау үздігі» сынды белгілерімен және дипломмен марапатталды.
Көрменің мақсаты - ғалымның қазақ халқының геологиясы мен ғылымын зерттеуге қосқан зор үлесімен таныстыру, Айтмұхамед Абдулиннің көрнекті тұлғасының ғылыми мұрасын насихаттау және сақтау болып табылады.
Кітап көрмесіне шақырамыз!