2024 жылғы 7 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың 95 жылдығына арналған музыкалық кеш өтті.
Кештің мақсаты – Бибігүл Төлегенованың шығармашылығы мен музыкалық мұрасын насихаттау, оқырмандарды оның өмірімен таныстыру.
Музыкалық кештің модераторлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера және эстрада әншісі, профессор Толқын Қалиқызы Забирова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Дәлел Зейнешұлы Уәш.
Кешті ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы құттықтау сөзбен ашты.
Іс-шара аясында Б. А. Төлегенованың бейне-үндеуі көрсетілді, онда ол ұлттық кітапхана ұжымына, кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, кештің барлық жиналған қонақтарына жылы сөздермен, шығармашылық табыс, денсаулық және амандық тіледі.
Музыкалық кештің құрметті қонақтары мен қатысушылары: Б. Төлегенованың сіңілісі Клара Ахметқызы, немересі Лунара, Ж. Баспақова, Д. Таласпекова, Д. Уашев, Г. Жидилова және т.б.
Кеште Бибігүл Төлегенованың репертуарынан шығармалар, опералардан үзінділер мен халық әндері орындалды. Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға «Арнау» - Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының 2 курс студенттері: Сіргебай Ерсұлтан, Жұмабай Нұржан; Дж. Россини. «Севильский цирюльник» операсының «Розина» - ариясы Қазақстанның халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы опера және балет театрының жетекші солисті Жәмила Төлегенқызы Баспақова; Л. Хамиди «Қазақ вальсі» - өнер магистрі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисті, Б. А. Төлегенованың шәкірті Дана Таласпекова; И. Дунаевский «Заздравная» - Ким Ирина, Дана Таласпекованың шәкірті; Е. Қанапьянов «Айтылмаған бір әнім бар» - Әнел Жамбыл, концертмейстері Жидилова Гульнар Шаханқызы; Е. Рахмадиев «Әнші бақыты», халық әні «Қыз қарағай» - түрлі байқауларының лауреаты, «Қазақстан дауысы» мегажобасының супер финалисі, Маңғыстау облысынан келген қонақ Шынар Болат.
«Тақиялы періште» кинофильміндегі «Мама» әні - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Дәлел Зейнешұлы Уәш және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2, 3, 4 курс студенттері: Аманкелді Жарқын, Машенов Тұрсын, Жаңбырбай Әділхан, Қойшыбек Ұлан, Ержан Аманжол, Ержас Төлекқан концертмейстері Дина Бисембаева; «Гаухартас» фильмінен «Сегіз Сері» - П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенті, домбырашы Мәдібек Нұрасыл; «Алтыным» - П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенті, домбырашы Құнанбай Абылай; Е. Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» операсынан «Гакку» ариясы - Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Байжұма Жұлдыз; сондай-ақ, «Менің сүйікті дәрігерім» кинофильмінен «Көктем вальсі» әні және т.б. орындалды.
Музыкалық кеш аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Бибігүл Төлегенованың өмірі мен шығармашылық жолы туралы «Ән – менің тағдырым, қуатым, бақытым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кеште ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Б. Қ. қонақтарды алғыс хат, сыйлықтармен марапаттады.
Іс-шараға қатысушылар мен қонақтар: Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры солистерінің шығармашылық тобы; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория студенттері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының студенттері; музыкалық колледждер мен мектептердің оқушылары, кітапхана оқырмандары, БАҚ өкілдері.