2024 жылғы 1 қараша, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, «Шалқар» радиосының бас редакторы Болатбек Төлепбергеннің кітаптарының таныстырылымы өтті.
Автордың биылғы жылы жарық көрген «Алаң жұрт» (деректі хикаяттар, әңгімелер, әдеби сын) кітабының, «Ұлттық идея – ұлттық медиа тұғыры» монографиясының, «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика және баспа ісі: дәстүр және жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының, «Ұлттық медиа – ұлттық қауіпсіздік» публицистикалық кітабының және «Болатбек Төлепберген»библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесері болды.
«Атамұра» баспасынан жарық көрген «Алаң жұрт» еңбегінде автор өзінің зерттеп жүрген тарихи ақтаңдақтар мәселесін көркем тілде зерделеуге тырысқан. «Алаң жұрт» деректі хикаяты жетпісінші жылдары диссиденттік әрекетімен кеңестік жүйенің көзіне түсіп, жазықсыз күйіп кеткен жас – Азамат Жәкібаев туралы жазылған.
«Ұлттық идея – ұлттық медиа тұғыры»монографиялық еңбегінде қазақтың ұлттық идеясының қалыптасуы мен дамуы еліміздегі ұлттық медиа тұғыры әрі алғышарттарының бірі ретінде қарастырылады.
«Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика және баспа ісі: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары» жинағында автордың биылғы 50 жасқа толған мерейтойына орай жазылған мақалалар топтастырылған.
«Ұлттық медиа – Ұлттық қауіпсіздік» кітабында Алаш қозғалысы hәм алашшыл басылымдардан бастап, бүгінге дейінгі ел ақпарат құралдарының жай-күйі, тыныс-тіршілігі сөз болады. Қазақ баспасөзінің тарихына барлау жасай отырып, Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыттағы қоғамдық-саяси құбылыстардың масс-медиамызға әсерін публицистік тілмен саралайды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының құрастыруымен жарық көрген «Болатбек Төлепберген» библиографиялық көрсеткішіне автордың бүгінгі күнге дейінгі жарық көрген шығармаларының библиографиялық мәліметтері хронологиялық тәртіппен жүйеленген.
Ғалымның 50 жасқа толған мерейтойына орай арнайы құрастырылған жинақтың алғы сөзін жазған – ҚРҰлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев.
Шарада мемлекет және қоғам қайраткері Әміржан Қосанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Атамұра» баспасының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім, мәдениет қайраткері Ержан Төлек сынды зиялы қауым өкілдері автор туралы өз естеліктерімен бөлісіп, тұсауы кесілген кітаптар жөнінде де пікірлерін білдірді.
Шараға қатысқандар қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар және оқырмандар мен БАҚ өкілдері болды.