2024 жылғы 29 қазанда ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлының «Алаш перзенті» атты әдеби-сын және әдеби портреттері енген кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараның модераторы – ақын, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бауыржан Өміржанұлы Жақып.
Шараны белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Әбдешұлы Құлкенов құттықтаусөзбен ашты.
Аталмыш кітаптың алғы сөзін жазған жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш: «Қашанда тынымсыз ізденіс үстінен табылатын ғалым-сыншы бүгін өзінің шығармашылық бабында. Ұстаздық, қайраткерлік қызметтерін ықыласпен атқара жүріп, өзінің сүйікті тақырыбы, қазақ әдебиеті жайында парасатты пайымдауларға уақыт таба білуі де, сол еңбекқорлықтың, табандылықтың, көркемдікке деген іңкәрліктің нышаны екендігі сөзсіз», – деп автор мен кітап жөнінде өз бағасын берген болатын.
Тұсаукесер рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Бақытжан Жұмағұлов, белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанғара Дәдебаев, ХҚТУ жанындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Суат Бейлур, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.О. Әуезов ат. Әдебиет және өнер институтының Бас директоры Кенжехан Матыжанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңіпген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Әуесбай Қанат сынды белгілі зиялы қауым өкілдері автор мен кітап туралы өз ойларын ортаға салды.
Қатысқандар: ғалымдар, жазушылар мен БАҚ өкілдері.