«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында ақын, жазушы, аудармашы, драматург Берқайыр Аманшиннің 100 жылдығына арналған «Туған дала жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Берқайыр Аманшин 1924 жылы 11 қарашада Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Батбақкөл ауылында қарапайым қызметкердің отбасында дүниеге келген. Қаз ПИ-ді бітірген (1953). 1942-1953 жж. партияның жетекшілік қызметін атқарған. 1959 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан өлкелік бөлімшесінің жауапты хатшысы болды.
1966 жылдан — «Жұлдыз» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1971-1973 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өнер істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары, «Мәдениет және тұрмыс» журналы әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1974 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі қызметтерін атқарған. «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Көрнекті қазақ жазушысы, ақын Берқайыр Аманшиннің мұрасы Қазақстанның заманауи әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қаламгердің шығармашылығында Махамбет Өтемісұлының тарихи тұлғасы ерекше орын алады.
Көрменің мақсаты - қазақ әдебиеті мен драматургиясының дамуына елеулі үлес қосқан жазушы Берқайыр Аманшиннің шығармашылық мұрасын насихаттап, оқырмандардың назарын аудару.
«Рухани мұра қалдырған қаламгер» атты бірінші бөлімде Б.Аманшиннің өмірі мен шығармашылық қызметі туралы материалдар: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар және ол туралы әдебиеттер ұсынылған.
«Ерлік пен елдіктің өшпес рухы» атты кітап көрмесінің екінші бөлімі жазушының жеке шығармалары мен қазақ әдебиетіндегі әсерлі естеліктеріне арналған. Оның еңбектері терең философиялық ой толғамдарға толы және қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрлерінен көрініс береді. Ең танымал шығармаларының қатарында: "Бұлбұлдар" (1958), "Ботақан" (1964), "Менің өмірбаяным" (1965), "Көкжар" (1971), "Ақ жүрек" (1974), "Жайық жел" (1978), "Исатайдың семсері" (1990), "Махамбеттің тағдыры "(1991),"Жыр-семсер" (2004) және мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалары бар.
Кітап көрмесіне шақырамыз!