Өнер бөлімінің оқу залында суретші, Қазақстанның халық суретшісі Нағымбек Жемаладдинұлы Нұрмұхамедовтың 100 жылдығына арналған «Ой тербер туындылар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Н. Нұрмұхамедов 1924 жылы қазіргі Павлодар облысының Сайтанды ауылында дүниеге келген. 1931 жылы әкесі қайтыс болып, жеті жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленді.
1940 жылы Н. Нұрмұхамедов Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны 1942 жылы аяқтайды. Кейін Мәскеу авиациялық институтына оқуға түседі, бірақ сол жылы ағасы соғыста қаза тапқаннан кейін майданға өз еркімен кетіп, Кавказ үшін шайқастарға қатысты. Соғыстан кейін ол алдымен Әскери-теңіз артиллерия мектебін, содан кейін Бүкілресейлік көркемөнер академиясының Орта көркемөнер мектебін бітірді. 1947-1953 жылдары Ленинградта И. Е. Репин атындағы Кескіндеме, мүсін және сәулет институтында оқып, профессор Р. Р. Френцтің жетекшілігімен жауынгерлік кескіндемеге маманданған. 1955 жылы Көркемөнер академиясы жанындағы А.М. Герасимовтың шығармашылық шеберханасында аспирант болып, оны 1961 жылы бітірді. 1959 жылы Алматыға қоныс аударды.
Н. Нұрмұхамедов станоктық кескіндеменің түрлі жанрларында жұмыс жасады. Ол бірқатар портреттердің, пейзаждардың, тарихи тақырыптағы картиналардың авторы. Оның ең танымал картиналарының қатарына КСРО флоты адмиралдарының портреттері жатады. Олардың қатарында: И. С. Исаков (1964-1965); Кеңес Одағының Батыры М. Ғабдуллин (1969); «Оқ-дәрімізді құрғақ сақтайық» сюжетті картиналардың (1965); сондай-ақ, «Алатау етегі» (1966), «Папам келеді» (1960), «Торғай даласы. 1919» (1971-1972), «Жақаевтың бригадасы» (1972) және т. б. Нұрмұхамедов көптеген шет елдерге, соның ішінде: Франция, Англия, Бразилия, Жапония, АҚШ, Канада, Мексика, Үндістанға барып, өзінің әрбір саяхаты туралы эскиздер қалдырды. Суретшінің жұмысы Канада, Бельгия, Югославия және т.б. елдердегі көрмелерге қойылды. Нұрмұхамедов сонымен қатар өнертану бойынша бірқатар ғылыми еңбектердің және бірнеше көркем альбомдардың авторы.
Ш. Уәлиханов атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығымен (1978), екі «Құрмет Белгісі» орденімен (1959, 1971), II дәрежелі Отан соғысы орденімен (1985) марапатталған.
Көрменің мақсаты - оқырмандарды қазақ суретшісі, кескіндемеші, портретші, Қазақстанның бейнелеу өнерін зерттеушісінің шығармашылығымен таныстыру.
Кітап көрмесінде Н. Нұрмұхамедовтың өмірі мен шығармашылық жолын ашатын: «Нағым-Бек Нұрмұхаммедов – альбом»; «Рыбаков И.А. Нагимбек Нурмухаммедов»; «Нагим-Бек Нурмухаммедов, каталог выставки»; «Қазақстанның портретіне 100 жыл»; «Очерки истории изобразительного искусства Казахстана»; «Изобразительное искусство Казахстана» және т.б. кітаптар ұсынылған. Сондай-ақ, оқырмандар мерзімді басылымдардың беттерінде жарияланған суретшінің өмірі туралы әңгімелеріне қызығушылық танытары сөзсіз.
Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!