«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында белгілі жазушы, аудармашы және публицист Герольд Карлович Бельгердің 90 жылдығына орай, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақтың Гер-ағасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Герольд Карлович Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысы Энгельс қаласының Еділ немістері отбасында дүниеге келген. 1941 жылы оның неміс отбасы Қазақстанға, Есіл бойындағы қазақ ауылына жер аударылған. Ол қазақ орта мектебінде оқып, 1958 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдебиет факультетін бітірген.
Г. Бельгер еңбек жолын 1953 жылы лаборант болып бастап, кейін орта мектепте мұғалім, 1963 жылы «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, 1989 жылы неміс ұлттық мәдени орталығының төрағасы, 1995 жылы неміс тіліндегі «Феникс» альманахының бас редакторы болды. 1994-1995 жж. – Павлодар облысынан ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Алматы қаласы неміс мәдени қоғамының төрағасы. Қазақстан немістері кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің, ҚР-ның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, бірқатар әдеби журналдардың редакциялық алқа мүшесі.
Белсенді шығармашылық және қоғамдық қызметі үшін Г.Бельгер «Парасат» (1994), 2-дәрежелі «Достық» ордендерімен, «Бейбітшілік және рухани келісім үшін Президент сыйлығымен (1992), «Германия Федеративті Республикасына сіңірген еңбегі үшін» (2010) сыйлығымен марапатталған. Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Б. Майлин атындағы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының (1988), тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты.
2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» оқу залында белгілі жазушының есімін мәңгі есте қалдыру және шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында мемориалдық кабинет ашылды. Онда Г. Бельгердің жеке заттары сақталған.
«Қазақтың Гер-ағасы» атты кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Герольд Бельгер - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі» атты бірінші бөлім Герольд Карлович Бельгердің өмірі мен қызметі туралы энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтарды ұсынады.
«Қаламының ұшы – қазақтың рухы» атты екінші бөлімде жазушының қазақ, неміс және орыс мәдениетінің дәстүрлерін жинақтаушы мұрасы ретінде тағылымға толы мол жазбалары ұсынылған. Атап айтқанда, «Сосновый дом на краю аула» (1973), «Чайки над степью» (1976), «Земные избранники» (Гёте, Абай) (1995), «Казахское слово» (2001), «Гармония духа» (2003), «Ода переводу» (2005), «Избранные произведения» (2009-2010), «Казахские арабески» (2014) және т.б. шығармалары.
Көрменің «Бір өзі – бір әлем» деп аталатын үшінші бөлімі замандастарының Герольд Бельгер туралы естеліктеріне арналған. Естеліктер оның Қазақстан мәдениетіне деген адалдығын және халықтар арасындағы диалогқа қосқан ерекше үлесін көрсетеді. Атап айтсақ: «Русские писатели Казахстана» (2011), «Все, что смог» (2014), «Великий немец Великой степи» (2014), «Герольд Бельгер кім?» (2015), «Герольд Бельгер: Такая выпала стезя» (2017) және т.б.
Көрменің мақсаты – Қазақстан халқының әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің қарқынды дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қазақстандық жазушы Г.Бельгердің өмірі мен шығармашылығын насихаттау.
Кітап көрмесіне шақырамыз!