2024 жылғы 23 қазан, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында белгілі жазушы, аудармашы және публицист Герольд Карлович Бельгердің 90 жылдығына орай жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлт жанашыры – Герольд Бельгер» атты еске алу кеші өтті.
Шараның модераторы – Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы Алматы филиалының бас редакторы Бақыт Жағыпарұлы.
Шараны белгілі режиссер, сценарист, аудармашы, жазушы Тұрсынов Ермек Кәрімжанұлы ашты.
Шарада сөз сөйлегендер: ақын, жазушы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Б. Қанапиянов; ақын, аудармашы, «Простор» журналы бас редакторының орынбасары Л.К. Шашкова; ақын, аудармашы Т.Тұяқбай; «Возрождение» немістердің алматылық мәдени-этникалық қоғамының басшысы Л.А.Набокова; «Достық» этносаралық редакциясындағы Қазақ радиосының этножурналисті Т.Жандильдина; журналист К.Адырбекұлы; «Простор» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі С-Г. Байменов; Г.Бельгердің жұбайы – Р.З.Хисматуллина және қызы И.Г.Ковалева.
Кеште жазушының шығармаларынан үзінділер оқылып, Г.Бельгер туралы бейнематериалдар көрсетілді және жазушы туралы естеліктер, оның Қазақстан әдебиетін дамытудағы ерекше рөлі айтылды.
ҚР Ұлттық кітапханасының қорына ақын Т. Тұяқбай «Гете. Батыс-шығыс жинағы» атты еңбегін табыстады.
Іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Герольд Карлович Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақтың Гер-ағасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде оның кітаптары, аудармалары мен еңбектері, мерзімді басылымдардағы мақалалары мен жарияланымдары, жазушының өмірі мен қызметі туралы материалдар ұсынылды. Көрме әдебиетсүйер қауымның және жазушының мұрасы туралы көбірек білгісі келетін студенттердің назарын аударды.
Қатысушылар: жазушының туыстары, ақындар мен жазушылар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, Неміс мәдени орталығы, Алматы қ. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен Профессор Рузуддиновтың Жоғары медициналық-стоматологиялық колледжінің білім алушылары.