2024 жылғы 1-4 қазан аралығында Алматы қаласында Қазақстан архившілерінің ІІ Халықаралық конгресі өтуде.
Конгресс Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, БҰҰ, ЮНЕСКО және Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) қолдауымен өтуде.
Шараға Қазақстан, Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс, Еуроодақ, АҚШ – жалпы саны 18 елден архив мекемелерінің басшылары, қызметкерлері, ғалымдар мен саланың жетекші сарапшылары қатысуда.
Конгресс жұмысының маңызды бағыттарының бірі – мұра институттарының қызметі және олардың қоғамның тарихи жадын қалыптастырудағы рөлін талқылау.
Конгресс аясында 2 қазанда Қазақстан-Британ техникалық университетінің Әл-Фараби залында «Мұра институттары және қоғамның тарихи жадын қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстелді модератор – «Тұңғыш Президент Музейі» Корпоративтік қорының директоры, т.ғ.к. Ақтаева Күлайша Қабдуалиқызы және ҚР Президенті Архивінің Қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Сыздықова Елена Степановна жүргізді.
Аталмыш жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы және директордың ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Искалиева Нурия Аманғалиқызы қатысып, Б. Оспанова «Кітапхананың тарихи жазба мұраны сақтаудағы рөлі» атты баяндама жасап, презентациясын ұсынды. Өз сөзінде ол кітапхананың ұлттық бірегейлік пен тарихи жадыны қалыптастыруға ықпал ететін орталық ретінде ұлттық мәдениетті сақтау мен таратудағы маңызын баса атап өтті.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелде Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу орталығының институты директорының орынбасары, т.ғ.к. Романова Елена Анатольевна; РФ Орал федералды университетінің Құжаттану, архивтану және мемлекеттік басқару тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Мазур Людмила Николаевна; Грекия Бас мемлекеттік архивінің даму, коммуникация және білім беру бағдарламалары департаментінің басшысы Иоаннис Кглавинас; Моңғолияның Бас архив басқармасының Ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Цэндсурэн Баасанжав Олхон және т.б. ғалымдар баяндама жасады.