2024 жылғы 25 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Шығыс дерек көздеріндегі қазақ мемлекеттілігінің феномені» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – Алтын Орда және Қазақ хандығының тікелей сабақтастығы мен өзара байланысының тарихын ғылыми тұрғыдан ұғыну.
Конференция шеңберінде қазіргі кездегі отандық шығыстану дамуының өзекті бағыттары мен кейінгі орта ғасырларда отандық және дүниежүзі тарихындағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыруда іргелі сипаты бар маңызды теориялық және практикалық проблемалар талқыланды.
Сонымен қатар, Шығыс елдерінің саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық мәселелері саласындағы зерттеулердің нәтижелері қарастырылды.
Шараның модераторы - Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филол.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлы.
Конференция барысында мынандай тақырыптар талқыланды:
- • Жошы Ұлысы: тарих және тарихи жады;
- • Шығыс жәдігерлеріндегі Алтын Орда мен Қазақ хандығы тарихының деректануы және тарихнамасы;
- • Алтынордалық өркениет: зерделеудің негізгі тәсілдері (әдістері мен әдіснамасы);
- • Алтын Орданың әлеуметтік-мәдени кеңістігі: урбандалу мен көшпенділер жаңа мәдениеттің қалыптасу негізі ретінде;
- • Империядан кейінгі Дала: Алтын Орда құлағаннан кейінгі Еуразияның көшпелі мемлекеттері;
- • Шығыс елдері және Алтын Орда: өзара әсер мәселелері;
- • Заманауи геосаяси шындықтағы Қазақ мемлекеттілігі.
Сонымен қатар, конференция қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, офлайн/онлайн форматта жүргізілді.
Айта кетейік, конференция қорытындылары бойынша конференция мақалаларының электрондық жинағын шығару жоспарлануда.
Конференцияға отандық жетекші және жас шығыстанушы ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.