2024 жылғы 19 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасында «Құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру - кітапхана қорларының сақталымын қамтамасыз ету негізі» атты халықаралық семинар – тренингтің 4 күні жалғасты.
Төртінші күннің бірінші секциясын М.Рудомино атындағы Бүкіл мемлекеттік шетел әдебиеттер кітапханасы құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру орталығының жоғары санатты суретші-реставраторы И.А. Шилова былғары түптеу және кітап түбіртектерін қалпына келтіру жұмыстарымен бастады. Кітапханалардың, архивтер мен мұражайлардың сақтаушы мамандары қатысқан екінші секция кітапхана қорының биологиялық мониторингі, құжаттың материалдық негізінің зақымдану себептері және олардың алдын алу шаралары бойынша мәселелерді қарастырып, кітапхана құжаттарын ғылыми консервациялау зертханасында биозақымдануы бар құжаттарды тұрақтандыру бойынша жұмыстармен аяқталды. Биологиялық бақылау секциясын И.Э.Грабарь атындағы Бүкілресейлік көркем ғылыми – қалпына келтіру орталығы химия-технологиялық экспертиза жөніндегі сарапшысы академик А. А. Кащеев жүргізді.
Сондай-ақ, мәскеулік әріптестер «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасында болып, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау жұмыстарымен танысты.