2024 жылғы 13 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің еліміздегі медициналық мекемелер арасында ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты республикалық байқау жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Жеңімпаздарға «Үздік медициналық ұйым», «Үздік сайт» аталымдары бойынша дипломдар мен алғыс хаттар, «Даналық», «Тіл жанашыры», «Үздік тіл маманы», «Жас дарын», «Талаптыға нұр жауар», «Тіл ардагері» төсбелгілері табысталды.
Дәстүрлі түрде 2016 жылдан бастап өткізіліп келетін бұл жоба сарапшылар мен қатысушылардың тарапынан жоғары бағаланып, жұртшылықтың ризашылығына ие болды.
Іс-шара мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын денсаулық сақтау саласында жүзеге асыру.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, филолог ғалымдар, ҚР ДСМ Терминологиялық комиссиясының мүшелері, серіктес ұйымдар өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.