2024 жылғы 29 тамызда ҚР Ұлттық кітапханасы Әлем әдебиеті қызметінің топ жетекшісі Кулиева Баян Оңғарқызы мен Өнер бөлімінің кітапханашысы Мамбаева Айсұлу Байзаққызы ҚР Мемлекеттік орталық музейінде өткен адамзат тарихындағы ең қорқынышты оқиғалардың бірі – жапон қалалары – Хиросима мен Нагасакиді атом бомбалауының 79 жылдығына арналған «Хиросима мен Нагасакиді еске алу» атты көрмеге қатысты.
Көрмені Бейбітшілік мемориалдық залы Қазақстан-Жапон орталығымен бірлесіп, Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің, Нархоз университетінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұражайының, сондай-ақ бірқатар жапондық және қазақстандық ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырды.
Көрменің басты мақсаты – осы қайғылы оқиғалардың құрбандарын еске алу және бейбітшілік пен өзара түсіністіктің маңыздылығын ұғыну.
Көрме атомдық бомбалау кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайының директоры Харипова Рашида Ерімқызы құттықтау сөз сөйледі, сонымен қатар Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джун мырза, Нагасаки Ұлттық Бейбітшілік залының директоры Носе Хироси мырза, «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының Төтенше және Өкілетті вице-президенті, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының вице-президенті Жандәулетов Валерий Айтмұқашұлы сөз сөйледі.
Көрмеде Хиросима мен Нагасакиде болған қайғы-қасірет пен оның салдарын көрсететін фото-стендтер, бомбалаудың салдарынан болған атом трагедиялары туралы деректі фильмдер мен хроникалар, қайғылы оқиғаны бастан кешірген адамдардың күнделіктері көрсетілді.
Іс-шара соңында қатысушылар көрмені тамашалай отырып, бейбітшілік тіледі. Нагасаки қаласындағы Бейбітшілік мемориалдық кешенінде сақтауға өз тілектерін білдірді.