8 тамызда ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіппен кездесу өтті.
Депутатпен кездесуге ҚР Ұлттық кітапханасының ұжымы, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана мамандары, Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі қатысты.
Кездесу барысында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директорының орынбасары Жұмабеков Мақсұт Тайынұлы кітапханаға күрделі жөндеу қажеттігін және мамандандырылған кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру мәселелерін қозғап, ұсыныстарын жазбаша түрде депутат Нұртөре Жүсіпке табыс етті.
Алматы қаласы ОКЖ директорының орынбасары Мажитов Әділ Саттарұлы ақылы қызметтер жайлы ұсыныс айтып, Алматы қаласының ОКЖ кітапханаларына келуге шақырды.
ҚР Ұлттық кітапханасының мамандары келесі мәселелерді көтерді: Қазақстан Республикасының «Кітапхана ісі туралы» Заңының жоқтығы; кітапхана қорын толықтыру және жаңарту; серверлік жабдықтың моральдық тозуы және серверлік бөлмелердің техникалық жабдықтарының ескіруі; жас қызметкерлерге әлеуметтік қолдау және т.б.
Өз кезегінде Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөздерінде кітап мәселесін, азаматтарымыздың оқу сауаттылығы мәселесін бірнеше рет көтеріп, «тек оқитын ұлт қана нағыз интеллектуалды бола алады» деп ерекше атап өткенін айтты. Сондай-ақ, елдегі кітапхана саласының рөлін және кітапханашылардың мәртебесін арттыруға, кітапхана қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға бағытталған мемлекеттік реформалар туралы айтты.
Кездесу соңында Нұртөре Жүсіп ҚР Ұлттық кітапханасының қорына жеке кітапханасынан кітаптарды сыйға тартты.