16 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Б.Қ. Жызақ қаласында (Өзбекстан Республикасы) өткен "Орталық Азия – 2024: ғылым, білім, мәдениет және бизнестегі интернет және ақпараттық-кітапханалық ресурстар" атты XVII халықаралық конференциясының пленарлық отырысына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, құттықтау сөзбен Беларусь Ұлттық кітапханасының бас директоры, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Өкілдер Палатасының депутаты В. Гигин; Ресей мемлекеттік кітапханасының бас директоры, Еуразия Кітапханалық Ассамблеясының Президенті, Ресей кітапхана қауымдастығының вице-президенті В.В. Дуда, Армения Ұлттық кітапханасының директоры, Еуразия Кітапханалық Ассамблеясының вице-президенті А.Г.Чулян жылы лебіздерін білдірді.
Конференцияда көптеген маңызды тақырыптар қозғалды: "Еліміздің кітапхана жүйесін дамытудың басымдықтары" (Ресей); "Ерекше білім қажеттіліктері бар Армения Ұлттық кітапханасына келушілерге арналған қызметтер: Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) – Армения Ұлттық кітапханасы: Достастық" (Армения); "Өзгерістер жағдайындағы Беларусь кітапханалар қауымдастығының дамуының жаңа стратегиялары" тақырыптарында негізгі баяндамалар жасады"(Беларусь); "Түркияның Ұлттық кітапханасында ақпараттық технологиялар және енгізілген жасанды интеллект бағдарламалары" (Түркия); "Өзбекстанда жеке меншік және махалла кітапханаларын құру және дамыту перспективалары" (Өзбекстан).