Мерзімді басылымдар оқу залында офицер, Ұлы Отан соғысына қатысушы, публицист, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ер есімі – ел есінде» атты көрме ұйымдастырылды.
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Ақмола ауданында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Балқаш фабрика-зауыттық училищесіне жіберілді.Р. Қошқарбаев өзінің өмірі жайлы «Штурм» кітабында әңгімелейді.
Ұлы Отан соғысы майданына Рахымжан 18 жасында аттанып, Одер мен Шпрее өзендерін басып алуға қатысқан. Берлин үшін шайқаста Рахымжан мен оның взводтары ең бірінші қатарда орналасты. Олар алдымен Корольдік алаңға, «Гиммлер үйіне» жетеді. Мұнда лейтенант Қошқарбаевқа тарихи маңызы бар – Рейхстаг ғимаратының үстіне Қызыл Туды көтеру туралы бұйрық беріледі.«Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі қашықтық бар болғаны 360 м. Бірақ бұл ашық алаң болғандықтан, жан-жақтан атқылай бастады. Осы қанды қашықтықты лейтенант Қошқарбаев жауынгерлерімен 7 сағатта жүріп өтті. 30 сәуір күні, сағат 18:30-да Рейхстагтың алдына Қызыл Ту тігілді.Рахымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері көркем әдебиетте жырланып, оған мерзімді басылымдарда мақалалар арналды. Р.Қошқарбаев Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Жауынгерлік Қызыл Ту (Рейхстагқа туды тіккені үшін) және «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваның азаттығы үшін» медальдарымен марапатталған. Рахымжан Қошқарбаев 1988 жылы қайтыс болды. 2001 жылы қайтыс болғаннан кейін, оған «Халық қаһарманы атағы берілді.Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан Р.Қошқарбаев туралы материалдар, мақалалар және қоғам қайраткерлері мен достарының естеліктері ұсынылған.
Көрмеге шақырамыз!