Мерзімді басылымдар қызметінің оқу залында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйел әлемі» атты көрме ұйымдастырылды.
Бұл күн экономикалық, әлеуметтік және саяси теңдік үшін күрестегі әйелдердің халықаралық ынтымақтастығы күні болып саналады. Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын атап өту туралы шешім 1910 жылы Копенгаген қаласында өткен социалистердің 2-ші халықаралық конференциясында К. Цеткиннің ұсынысымен қабылданды. Ол алғаш рет 1911 жылы Германияда, Австрияда, Швейцария және Дания; Ресейде – 1913 жылы Петербургте өтті. Барлық елдерде әйелдер 8 наурыз күнін бейбітшілік, әйелдер құқығы мен әлеуметтік прогресс үшін күрестегі ынтымақтастық күні ретінде нақты жағдайлармен олардан туындайтын ұрандармен атап өтеді.
Көрмеде «Крестьянка» (1925-1930 ж.), «Работница» (1931-1933ж.), «Мода» (1937-1980 ж.) және т.б ең көне басылымдар, сонымен қатар отандық «Қазақстан әйелдері» (1956-1966 ж.), «Мәдениет және тұрмыс» (1958 ж.) журналдары сол дәуірдің әйелдер қауымының тыныс-тіршілігінен хабар беріп, өткенге ой жүгіртеді.
Көрмеге материалдар ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан алынды.
Келемін деушілерге есік ашық.