17 ақпанда А.Осмонов атындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасының Абай залында көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, драматург, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Түркі әлемінің детектив жанрының дарабозы» атты еске алу кеші және безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен белгілі кемелтанушы, зерттеуші Айжігітов Бақтығали Cақымқожаұлының бастамасымен және А.Осмонов атындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасының қолдауымен ұйымдастырылды.
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрағасы Б.Қ. Оспанова бастаған қазақстандық делегация құрамында белгілі кемелтанушы Б.С.Айжігітов; термеші, жыршы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ радиосындағы «Інжу-маржан» бағдарламасының авторы Қ.М.Зарлиев; «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосының Алматы филиалының жетекшісі Б.Жағыпарұлы; ақын Талант Арынғали және Ұлттық кітапхана мамандары: Қ.М.Изамбекова, Ж.А.Әбдікерімова, Е.С.Қабдрашидов барды.
Іс-шараны «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосының Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы жүргізді. Мәдени шараның ашылу салтанатын айтыскер ақын Талант Арынғали арнаумен бастап, Қазақстан Елшілігінің кеңесші-елшісі Асхат Сыздықов, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Мәдени мұраны сақтау және дамыту басқармасының бас маманы Мұратбеков Алмаз Үсенұлы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы, А.Осмонов атындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Байсакова Нурия Раимовна, кемелтанушы Айжігітов Бақтығали Cақымқожаұлы, термеші, жыршы, Қазақ радиосындағы «Інжу-маржан» бағдарламасының авторы Зарлиев Қошан Мұстафаұлы сөз сөйледі.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Түркі әлемінің детектив жанрының дарабозы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде автордың шығармалары, оның редакторлығымен шыққан журналдар, мерзімді басылымдардағы мақалалары мен жарияланымдары, өмірі мен қызметі туралы материалдар ұсынылған. Кеште «Хабар» телеарнасы түсірген Кемел Тоқаевқа арналған «Өнегелі өмір» атты деректі фильмінің көрсетілімі ұсынылып, айтыскер ақын, Қазақ радиосындағы «Кітапхана» бағдарламасының жүргізушісі Талант Арынғали Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен іс-шараны қорытындылады. Сонымен қатар, Қазақстанның мәдени мұрасын басқа елдерде насихаттау мақсатында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова кітапхананың айырбас-резервтік қорынан «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 260 дана кітапты Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасының қорына сыйға тартты. Сондай-ақ, аталмыш кітапхана қорына кемелтанушы, зерттеуші Айжігітов Бақтығали Cақымқожаұлы «Кемел ағаның аманаты» кітабы мен «Кемелтану бағдарламасы» оқу құралын және термеші Зарлиев Қошан Мұстафаұлы «Інжу-маржан» хабарының Жолбарыс биге арналған шығарылымының аудиожазбасын сыйға тартты.
Өз кезегінде, А.Осмонов атындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасының атынан Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Мәдени мұраны сақтау және дамыту басқармасының бас маманы Мұратбеков Алмаз Үсенұлы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығыа арналған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін қазақстандық делегация мүшелеріне зор ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорына кітаптарды сыйға тартты.