10 ақпанда ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында ақын Есенқұл Жақыпбектің туған күніне орай «Қарауыл қайғысы», «Алуан ойлар», «Ғашық жүрек ғазалдары» атты кітаптарының тұсаукесері рәсімі және таныстырылымы өтті.
Шараны Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосының Алматы филиалының жетекшісі, ақын Бақыт Жағыпарұлы жүргізді.
Лента қию рәсіміне: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан, белгілі фольклортанушы Анарбай Бұлдыбаев, Тұрсынбай Нүсіпбайұлы қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, белгілі фольклортанушы Анарбай Бұлдыбаев, Даубай Әбдісайып, Нұрлан Әбдібеков, Тұрсынбай Нүсіпбайұлы, суретші, ақын Әуелбек Ысқақ, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан, ақынның бауыры Тұрғанқұл Жақыпбеков және ақынның аяулы жары Менсұлу анамыз сөз сөйлеп, ақын Есенқұл Жақыпбектің қамшының сабындай қысқа ғұмырында қалдырған мол мұрасына тоқталып, естеліктерімен бөлісті.
Шарада дәстүрлі әнші, Кенен Әзербаев атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері Данияр Рахымбай, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншілері Мақпал Тоқтағанқызы, Ләззат Жанаманова және Ербол Спаналиев пен Гүлшат Такежанова, жас әнші Заңғар Ерланұлы ақынның сөзіне жазылған ел аузындағы танымал әндерді орындаса, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері ақын өлеңдерін оқыды.
Қатысушылар: белгілі жазушылар мен ақындар, қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы қаласының кітапханашылары, оқырмандар мен БАҚ өкілдері.