3 ақпанда ҚР Ұлттық кітапханасының қорына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов мырза саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған 31 томдық құжаттардың бірнеше данасын сыйға тартты.
Бұл көптомдық болып жарияланған мұрағаттық құжаттар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандары тақырыбына арналған. Белгілі ғалымдар мен сарапшылардан құрылған комиссия мүшелері еліміздің архивтерінде, жабық қорларда ауқымды зерттеулер жүргізіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалың оқырман назарына алғаш рет ғылыми айналымға ұсынып отыр. Бұл көптомдық ғылыми еңбектер саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихын архивтік құжаттардан танып білуге кеңінен жол ашады. Осындай құнды, заман сұранысына лайық жаңа сипаттағы мазмұнды құжаттық материалдарды кітапхана қорына сыйға тартып, қолдау көрсеткені үшін Зиябек Ермұханұлына алғысымызды білдіреміз. Бұл кітаптар ұлтымыздың тарихын қастерлейтін барлық адамдар үшін баға жетпес сый.