+7 (727) 267-28-83

31

Әлем әдебиеті залында «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Алматы» атты безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды.

1941-1945 соғыс жылдары Алматы қаласы ғылыми және шығармашылық зиялылар, КСРО-ның түкпір-түкпірінен эвакуацияланған адамдар үшін пана болды, олардың арасында ғалымдар, режиссерлер, актерлер, суретшілер, жазушылар және басқалары да болды. Қалаға «Ленфильм», «Мосфильм» киностудиялары, С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университеті (БМКУ) және Бүкілодақтық сценарий студиясы көшірілді. Алматы 3 мыңнан астам кеңестік театр және кино қайраткерлерінің үйіне айналды.

Соғыс уақытындағы кітап көрмесі әйгілі кеңес режиссері, ағартушы Сергей Эйзенштейннің 125 жылдығына және әйгілі театр режиссері, драматург, ағартушы Наталия Сацтың 120 жылдығына арналған екі бөлімнен тұрады. Бұл шығармашылық адамдар соғыс жылдарында Алматы қаласында тұрып, жұмыс істеді және А.С.Пушкин атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасының оқырмандары болды. С.Эйзенштейн мен Н.Сацтың қолтаңбалары кітапхананың «Құрмет кітабында» сақталған.

Кино тарихшыларының айтуынша, соғыс жылдарындағы барлық кеңестік көркем фильмдердің 80%-ы Алматыда пайда болған. Ең үлкен және есте қаларлық көрініс Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» атты шедеврі болды.  Басты рөлде Николай Черкасов ойнаған «Иван Грозный» тарихи киноэпопеясы Орталық біріккен көркем фильмдер киностудиясының басты жетістіктерінің бірі деп саналды. Елу жылдық қысқа өмірінде Сергей Эйзенштейн жеті картинаны түсіріп, оның екеуі аяқталмай қалды. Дегенмен оның фильмдері әлемді жаулап алды және бүкіл адамзат алдында өнер революциясын салтанатты түрде растады.

1942-1943 жылдары Алматыда Сергей Эйзенштейннің әйгілі «Иван Грозный» фильмінде жұмыс істеген кезінде салған көптеген суреттері бар, қолжазбамен жазылған сегіз дәптерді отандық кино тарихының құнды дәлелі деп атауға болады. Бүгінде олар Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы.

Наталья Ильинична Сац (1903-1993) - театр режиссері, әлемдегі опера режиссері атанған алғашқы әйел, театр қайраткері, 1943 жылы Алматы қаласында болып, балалар театрын құру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімімен Наталья Сацты Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова, Галина Уланова, Николай Черкасов қолдады.

1944 жылдың 6 қыркүйегінде Алматыда алғашқы Жас көрермен театрын құру туралы қаулы шығады.  1945 жылы 7 қарашада алматылық жасөспірімдер алғаш рет өз театрының табалдырығын аттады. Таңертең Н.И.Сацпен қойылған Е.Шварцтың «Қызыл телпек» пьесасы, ал кешке Исидор Штоктың пьесасы бойынша «Лейден қоршауы» атты қойылымы болды. КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Ленин сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Наталья Ильинична Сац 13 жыл бойы алматылық Жас көрермен театрын басқарды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматы қаласына эвакуацияланған шығармашылық десант қазіргі Қазақстанның мәдени астанасының берік негізін қалады.

ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан безендірілген кітап көрмесіне 6 томдық «Сергей Эйзенштейн» (1964) кітаптар топтамасы, «Эйзенштейн в воспоминаниях современников»  (1974), С.М.Эйзенштейннің Ғылыми-мемориалдық кабинетінің мұрағатынан фотосуреттер ұсынылды (1978), Н.Сацтың «Новеллы моей жизни» (1973), Н.Сацтың «Жизнь явление полосатое» (1991), Л.Мананникованың «Я родом из ТЮЗа»  (2010) және т.б. кітаптар мен таңдаулы шығармалар қойылған.

                                       Баршаңызды кітап көрмесіне шақырамыз!

32