+7 (727) 267-28-83

220921171435903e

Әлем әдебиеті залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70 жылдық мерейтойына орай «Қасым-Жомарт Тоқаев – әлем таныған саясаткер, ғалым, дипломат» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, белгілі дипломат, мемлекет қайраткері, саяси ғылымдар докторы. Ол 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы І.Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназиясында білім алған. 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО), 1984 жылы Пекин тіл және мәдениет университетін, 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген, 2000 жылы докторлық диссертациясын қорғаған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қызметі 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінен бастау алып, Сингапур Республикасындағы кеңестік елшілікке жолданды. 1984-1985 жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызметте болды. Кейін Пекиндегі кеңестік елшілікке жолданып, онда 1991 жылға дейін кеңесші лауазымын атқарды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, кейіннен министр болып тағайындалды. 1999 жылдың қазан айында ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды. 2003-2007 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Бұл лауазымда ол ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдеріске белсенді қатысты. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, 2008 жылы ҚР Парламенті Жоғарғы палатасының спикері, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті болып сайланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2011 жылы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры болып тағайындалды, Қарусыздану жөніндегі Конференцияда Бас хатшы қызметін атқарды. ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар. Түрлі елдердегі университеттердің, соның ішінде Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының және Қытайдың Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерінде еркін сөйлейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің көптеген мемлекеттік наградаларымен, сондай-ақ «Парасат» (1996), «Достық» (2004), «Достастық» (2007), «Отан» (2014), «Құрмет» (2017), «Алтын Қыран» (2019), «Дуслық» (2022) және т.б. ордендерімен марапатталған.

Халықаралық мәселелер бойынша кітаптар мен мақалалардың авторы, соның ішінде: «Как это было: хроника волнений в Пекине (04.1989-06.1989)» (1993), «Организация Объединенных Наций: полвека служения миру» (1995), «Под стягом независимости» (1997), «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации» (2000), «Дипломатия Республики Казахстан» (2001), «Слово об отце» (2005), «Он делает историю» (2010) және т.б.

Көрменің мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мемлекеттілігі мен халықаралық дипломатияның қалыптасуы мен даму тарихындағы көрнекті рөлін көрсету.

Кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің әртүрлі тілдерінде жазылған әлемдік дипломатия мен саясаттағы қызметінің түрлі қырларын ашатын материалдары мен кітаптары, Қазақстанда және шетелде жарияланған тарихи-публицистикалық мақалалары мен очерктері қойылған. Сонымен қатар оқырмандар үшін «Президенттің сүйікті кітаптары» айдары ұсынылады.

                                                                           Баршаңызды кітап көрмесіне шақырамыз!