+7 (727) 267-28-83

154

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың ұлағатты ұстазы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Әзілхан Нұршайықов 14 жасынан бастап поэзияға әуестенген. Алғашқы өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған. Жас ақын Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түседі, кейін сол жерде Н. Крупская атындағы педагогикалық институтта оқыды.

1940 жылы Жарма ауданындағы орта мектепте мұғалім болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда 19 жасар Әзілхан Қызыл Әскер қатарына шақырылады. Бүкіл соғыста 100-ші қазақ атқыштар бригадасының құрамында атқыштар командирі болды. Калинин, 2-Прибалтика, 1-ші және 2-ші Беларусь майдандарында шайқасты.

Соғыстан кейін Ә.Нұршайықов С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетті бітіргеннен кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында 17 жыл еңбек етіп, әдеби қызметкер, одан кейін жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, Павлодар облысының меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 1953-1956 жж. ̶ Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1963-1965 жж. – республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері болды. 1968 жылы Қазақ совет энциклопедиясының жаңадан ашылған редакциясында тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі болды. Энциклопедияның бірінші томдарын шығаруға атсалысып, жүзге жуық энциклопедиялық мақалалар жазды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.

2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» оқу залында белгілі жазушы Ә.Нұршайықовтың есімін мәңгі есте қалдыру және оның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында мемориалдық кабинет ашылды. Мұнда үй кеңсесінің интерьері қалпына келтіріліп, жазушының жеке заттары сақталған. Жыл сайын ҚР Ұлттық кітапханасында халық жазушысы Ә.Нұршайықов атындағы стипендия алу үшін жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында «Әлем және адам» әдеби шығармашылық байқауының қорытындылары шығарылады.

«Ұлттың ұлағатты ұстазы» кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар, оның шығармалары, мерзімді басылымдар беттеріндегі ол туралы мақалалар мен естеліктер қойылған. Әзілхан Нұршайықов «Жамбылға хат», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Мен және менің замандастарым», «Мәңгілік махаббат жыры» «Өмір өрнектері» және т.б. көптеген жинақтардың, очерктердің, әңгімелердің, повестер мен романдардың авторы. Аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы туралы «Ақиқат пен аңыз» романы үшін автор Абай  атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1978).

Көрменің мақсаты – қазақ әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті қазақ жазушысы Ә.Нұршайықовтың шығармашылығымен және қоғамдық қызметімен оқырмандарды таныстыру.

Кітап көрмесіне шақырамыз!