+7 (727) 267-28-83

мәмбетов

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ кеңестік театр және кино режиссері, педагог, КСРО Халық әртісі, Әзербайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған «Кинорежиссер, актер Әзірбайжан Мәмбетовтың туғанына – 90 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты - оқырмандарды режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың өмірімен және оның шығармашылығымен таныстыру. Ол туралы шығармалар мен ғылыми әдебиеттерді насихаттау.

Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов 1932 жылы 1 қыркүйекте Савинка ауылында (қазіргі Ресейдің Волгоград облысы, Палласовский ауданы) дүниеге келген. Соғыс кезінде отбасы Алматыға қоныс аударады. 1952 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы театр-көркемсурет училищесінің актерлік факультетін және сонымен бірге Алматы хореографиялық училищесінің би бөлімін бітірген. Оқу кезінде Қазақ КСР ән-би ансамблінің солисі болды. 1957 жылы Мәскеудегі ГИТИС режиссерлік факультетін бітірді (Н. М. Горчаков пен А. А. Гончаровтың шәкірті).

Институтты бітіргеннен кейін Алматы қаласында М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының режиссері, 1965 жылдан оның бас режиссері (1970 жылдан – директор). Театрда жұмыс істеген жылдары екі жүзден астам қойылымдарды жүзеге асырды. 1995 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстан театр қайраткерлері одағына жұмысқа ауысты. 1999 жылдан бастап Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі. Басқа театрлар мен қалаларда (Прага, Мәскеу, Ташкент, сондай-ақ Алматы қаласындағы корей, ұйғыр театрларында) спектакльдер қойған.      

Марапаттары мен атақтары: «Ерен еңбегі үшін» медалі (1959). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1961), Қазақ КСР-інің Халық әртісі (1970), Қарақалпақ КСР-інің Халық әртісі (1972), КСРО Халық әртісі ( 1976), А. Қ. Нұрпейісовтің романы бойынша «Қан мен тер» спектаклін қойғаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1974), Ш. Айтматовтың романы бойынша «Ана – Жер – Ана» спектаклі үшін К. Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы (1965), Еңбек Қызыл Ту ордені, Халықтар Достығы, халық Қазақстан батыры (2000), Отан ордені (2000).

Ә. Мәмбетов 2009 жылы 18 қарашада Астана қаласында қайтыс болды. Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.

Кітап көрмесіне «Әзірбайжан Мәмбетов» фотоальбомы, Күміс Молтобарованың «Режиссер Мәмбетов феномені» монографиясы, Әшірбек Сығайдың «Актер әлемі» және «Таңғажайып театр», Сәбит Оразбайдың «­Өмірдің өзі – театр кітаптары қойылды. Сондай-ақ, 1989 жылы И. Шостактың «Өнер» баспасынан шыққан Ә.Мәмбетовтің шығармашылық өмірбаянын зерттеуге арналған «Режиссер Мәмбетов» басылымы да назар аудартады. Ә.Мәмбетов туралы ақпарат Қазақстан өнеріне арналған көптеген энциклопедияларда ұсынылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!