+7 (727) 267-28-83

Маметова фото

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Кеңес Одағының Батыры Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызының 100 жылдығына арналған «Қаһарман қазақ қызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мәметова Мәншүк (шын аты Мәнсия) 1922 жылы 23 қазанда Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Алматыда өтіп, №28 орта мектепте оқыды. Екінші дүниежүзілік соғыстың басында Мәншүк медициналық институтта оқып, бір мезгілде республиканың Халық Комиссарлар Кеңесінің хатшылығында қызмет етті.

1942 жылы 13 тамызда өз еркімен майданға аттанды. 100-атқыштар бригадасы мен 21-атқыштар дивизиясы құрамында ұрыстарға қатысқан. Майданда пулеметшілер курсын бітіріп, жауынгерлік бөлімшедегі пулеметшілер есебінде бірінші нөмір болып тағайындалды. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын азат етудегі ауыр шайқастарда үстем биіктікті қорғау кезінде пулемет экипажының бірі басынан оқ сынықтарынан ауыр жараланып, жаудың 70 жауынгерін жойып, қаһармандықпен қаза тапты. 1944 жылы 1 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аға сержант Мәншүк Мәметоваға қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол осы жоғары марапатқа ие болған қазақстандық тұңғыш қыз болды.

1962 жылы Оралда М. Мәметованың мұражайы ашылды. Көшелер мен мектептерге батырдың есімі берілді. Невель, Орал, Алматы қалаларында, Мәншүктің туған жері – Орда ауылында ескерткіштер бой көтерді. А.Михалков-Кончаловскийдің сценарийі бойынша режиссер М.Бегалин «Мәншүк әні» (1969) атты өмірі мен ерлігі туралы фильм түсірді.

«Қаһарман қазақ қызы» атты кітап көрмесінде М. Мәметованың өміріне қатысты материалдар: энциклопедиялар мен өмірбаяндық анықтамалықтар ұсынылған. Одан әрі көрмеде аты аңызға айналған пулеметшінің ерлігін дәріптейтін материалдар: ол туралы мерзімді баспасөз беттеріндегі кітаптар мен мақалалар көрсетіледі.

Кітап көрмесінің мақсаты – оқырмандарды Мәншүк Мәметованың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ортақ Жеңіске қосқан үлесімен және ерлігімен таныстыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту.

Кітап көрмесіне шақырамыз!