+7 (727) 267-28-83

2115015451514

1 маусымда, ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында белгілі ақын, аудармашы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қуанышбай Құрманғалидың 80 жылдық  мерейтойына орай «Таланттан – тағылым» және «Ел дегенде – елгезек» атты қос кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Қуанышбай  Құрманғали  еліміздің баспасөзі мен баспа ісінің дамуына, қазақ әдебиетінің поэзиясына, әдеби сын жанрына және  аударма салаларының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан танымал қаламгер.

Ол 1942 жылы 1 маусымда Қостанай облысының Әулиекөл (бұрынғы Семиозерное) ауылында туған. Қазіргі «Жас Алашта» бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі, «Ақиқат» (бұрынғы «Қазақстан коммунисі») журналында, жауапты хатшы және бас редактордың орынбасары, «Жалын» журналының бас редакторы болған. «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясында бөлім меңгерушісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бас маман және «Ел» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Қ.Құрманғали Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының вице-президенті - республикалық баспа кабинетінің директоры, «Ғылым» ғылыми баспа орталығының бас директоры болды. Қаламгердің «Арман аралы», «Қош, қалқатай», «Қоңыр күз күмбірі», «Әдебиет әлеміне саяхат», «Әулиекөл әуендері», «Ақиқат айнасы» кітаптары және Б.Шубиннің «Доктор Чехов», В.Севостьянов, Г.Анисимовтің «Жұмыр жердің перзенті», И.Стрелкованың «Шоқан», Балтушистің «Өмір өткелдері», Г.Флобердің «Бовари ханым. Бувар мен Пекюше» шығармаларының аудармалары жарыққа шықты. Ол әдеби естеліктерімен, әдеби портреттерімен өз дәуірінің келбетін шеберлікпен бейнелеп, артына өшпес мұра қалдырды.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры  Оспанова Бақытжамал құттықтау сөзбен ашты. Кешті ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары – Бауыржан Жақып жүргізді.

Тұсаукесерде белгілі ақын-жазушылар: Б.Нұржеке-ұлы, К.Сегізбай, Р.Құл-Мұхаммед, Т.Көпбаев, Ә.Көпішев, М.Қожахметов, С.Балғабаев және жазушының немересі Айлин естеліктер айтып,  жылы лебіздерін білдірді. ҚР Ұлттық кітапханасының жастары ақынның өз өлеңдері мен арнау өлеңдерін оқыды.

Қорытынды сөзді аяулы жары Қаншайым Изамбекова айтып, жиналғандарға өз ризашылығын білдірді.

Іс-шарада ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлтымыздың ұмытылмас қаламгері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, Ұлттық кітапхана қорына, қала кітапханаларына және қатысушыларға «Ел дегенде - елгезек» кітабы сыйға тартылды.

c71a1150 6b46 41fa 8cf8 4444caf2a8b8   c75e08f9 2475 46ef 8889 c37158c0ff7c   eb4c66d6 cc9f 4b49 a3c4 61b006dd6047
fa955db9 a0f4 4b5c 8612 39a7fe0b5b6b   89392b0c bad5 4d40 9f35 3c45b441d006