+7 (727) 267-28-83

Хиуаз

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О.Жандосов атындағы оқу залында Ұлы Отан соғысындағы жалғыз қазақ-ұшқыш, Қазақстанның Халық қаһарманы Доспанова Хиуаз Қайырқызының 100 жылдығына арналған «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы Гурьев облысы Теңіз ауданының Ганюшкино ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Орал қаласының №1 орта мектебін алтын медальмен бітіріп, жергілікті аэроклубтың қосымша  ұшқыш куәлігін аттестатпен бірге алды. Бірінші Мәскеу медицина университетінде оқыды (1940-1941).

1941 жылдың қазан айында М.М.Раскованың басқаруымен 46-шы гвардиялық әйелдер бомбалаушы әуе полкінің штурмандар тобына қабылданды. 1941-1942 жылдары -

Энгельс қаласындағы ұшқыштар жоғары мектебінің курсанты және 588-ші түнгі бомбалаушы авиаполкқа штурман-атқыш болып қабылданды. Бірінші қазақстандық әскери ұшқыш Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша және Германияны фашистерден азат ету үшін 300-ден астам ұрысқа қатысты. Гвардия авиациялық полк штабының байланыс бастығы (1942-1945 жж.), Батыс Қазақстан облыстық партия комитеті әскери бөлімінің нұсқаушысы (1945-1946 жж.) болды.  Аты аңызға айналған ұшқыш екі рет ауыр жарақат алды, бірақ қайтадан қатарға оралып, Берлинді жеңді.

Соғыстан кейінгі жылдары қоғамдық өмірге белсене араласты: ЛКЖО ОК-нің мектептер бойынша нұсқаушысы және хатшысы (1948-1951 жж.); ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы (1951 ж.); ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы (1951-1953 жж.); Қазақстан Компартиясы ОК-нің Көркем әдебиет және өнер бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ғылым және мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1953 ж.); ВПШ тыңдаушысы (1953-1956 жж.); Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы (1956-1959 жж.); 3-сайланған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

Ерлігі мен батылдығы үшін ол Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталды. 2005 жылы оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ұшқыштың құрметіне Алматы және Ақтөбе қалаларындағы көшелерге есімі берілді, Орал мен Атырауда ескерткіштері орнатылды; халықаралық әуежайға және Атыраудағы спорт сарайына, сондай-ақ «Эйр Астана» әуекомпаниясының Embraer 190 ұшағына Хиуаз Доспанованың есімі берілді. «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы» кітап көрмесінде Хиуаз Доспанованың өмірі мен қызметі туралы материалдар – энциклопедия, анықтамалықтар мен кітаптар ұсынылған: «Халқым үшін» («Рассказание военной летчицы») (1963), «Под командованием Расковой» (1965). Бұдан әрі көрмеде аты аңызға айналған ұшқыштың ерлігін дәріптейтін материалдарды, мерзімді баспасөз беттеріндегі ол туралы кітаптар мен мақалалары ұсынылады.

Кітап көрмесінің мақсаты – оқырмандарды Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлікпен және ұшқыштың ортақ жеңіске қосқан үлесімен таныстыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты патриоттық сезімге, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

 

Кітап көрмесіне шақырамыз!