+7 (727) 267-28-83

көрме

ҚР Ұлттық кітапханасында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақын-жазушылар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – қалам мен қаруды қатар ұстаған майдан ақын-жазушыларының ерлік істерін баяндайтын шығармалары арқылы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке баулу және жастарды өз тарихын терең ұғынуға, шын бағалай білуге, рухани құндылықтарымызды қастерлеуге дәріптеу.

Соғыс қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығына едәуір әсер етті. Жауынгерлік тақырыпқа елде, майдан алаңында жүріп те қалам тербеген қазақ қаламгерлері аз болған жоқ. Мысалы, Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Нұршайықов, Б.Бұлқышев, Ж.Молдағалиев, Т.Ахтанов, Қ.Аманжолов, М.Әлімбаев, Ө.Қанахин, Д.Әбілев, Ж.Саин, Ж.Жұмаханов, Ғ.Орманов, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Момышұлы, С.Омаровтар қолдарына қару алып майданға аттанса, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжановалар соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін жасауға атсалысты. Олардың қатарына майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер жырларымен танылған С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов сияқты ақындар келіп қосылды.

Қалың жұртты қанаттандырып, жалынды жырларымен, орамды ойларымен жауынгерлердің рухын көтерген халық поэзиясының өкілдері Ж.Жабаев, Н.Байғанин, К.Әзірбаев, Ш.Қошқарбаев, Н.Баймұратов, Н.Бекежанов, Д.Әлімбаев және т.б. өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды.

Көрмеде жоғарыда аталған ақын-жазушылармен бірге, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігін, туған елге шын берілгендігін дәріптейтін жазушы Кемел Тоқаевтың, сұрапыл жылдардың ерлікке толы шежіресінен сыр шертетін жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының,  жау тылындағы партизандардың өжет қимылдарын көзбен көріп, тікелей араласқан куәгердің атынан баяндайтын жазушы Қасым Қайсеновтің, майдандас достарының басынан кешкен оқиғалары негізінде туған Әди Шәріповтің, нақты оқиғалардың желісіндегі шынайылығымен ерекшеленетін Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің және т.б. қаһармандардың айшықты тілмен көркем суреттелген естеліктері қойылды.

Сонымен қатар, оқырмандар назарына майдан тақырыбына арналған «Майдан», «Майдан жолдары», «Майдан әңгімелері» атты жинақтар мен «Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 60 жыл» сериясымен жарық көрген ақын-жазушылардың ең таңдаулы әңгімелері мен очерктері ұсынылды.

Көрмені тамашалауға шақырамыз!

IMG 2337   IMG 2348

 

Сайтта

Қазір сайтта 417 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.