+7 (727) 267-28-83

11

18 ақпанында ҚР Ұлттық кітапханасы Ғ.Мүсірепов атындағы № 86 мектеп - гимназиясымен бірлесіп, балалар жазушысы, ақын, "Алаш" сыйлығының, "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгердің қатысуымен «Өнерімді еліме арнаймын»  атты әдеби-сазды кеш өткізді.   Іс-шара "Қазақстандағы балалар жылы", "Оқитын ұлт" ұлттық жобасы аясында өткізілді. Сондай-ақ, кітапхана қорынан «Келешектің тұтқасы білімді ұрпақта» атты көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жастар арасында танымал қазақстандық жазушылардың шығармаларын насихаттау, өскелең ұрпақтың адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу және кітап оқуға деген қызығушылығын ояту.

Кездесу кешінде ақын және жазушы, баспагер Саят Қамшыгер өзінің шығармашылығы, балаларға арналған кітаптары туралы айтып берді. 5-сынып оқушылары жазушының шығармашылығы бойынша әдеби-музыкалық композиция және бейнероликті ұсынды, ақынның өлеңдерін оқыды. Саят Қамшыгер кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, өз шығармаларының кейіпкерлері туралы әңгімеледі.

ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» қызметінің жетекшісі А.К.Рахимова және әлем әдебиеті қызметінің жетекшісі С.Т.Тұяқова өз сөздерінде кітаптың балалар өміріндегі маңызы туралы, олардың өмірлік маңызы бар қабілеттерін дамытуда, сондай-ақ, өз пікірін еркін жеткізе білудегі рөлін атап өтті. Мұндай іс-шараларды өткізу балалардың жан-жақты дамуына үлкен тәрбиелік мәнге ие.

Кеш аясында Ұлттық кітапхананың жас мамандары Күмісбек Несібелі мен Алқамбай Аяулым кітап көрмесінде әлемнің әр тілдеріндегі қазақстандық және әлемдік балалар әдебиетіне шолу жасады. Көрмеге балалар әдебиеті, қазақстандық кітаптар мен шетел авторларының әлемнің әр тілдеріне аударылған кітаптары, энциклопедиялар, танымдық кітаптар және т.б. ұсынылған.

Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясының директоры Қалдықыз Айтжанқызы Мұсаева қорытынды сөз сөйлеп, мектепте балаларды оқуға тарту, оқу мәдениетін арттыру мәселесі бойынша жүргізілетін жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, мектеп кітапханасы жанынан құрылған коворкинг орталығының, буккроссингтің және "IQR BOOK" жұмыстарының тиімділігі туралы айтып өтті.

Кеш соңында іс-шара қатысушыларына Абай Құнанбаевтың "Қара сөздері" сыйға тартылды.

112   1122   1132
11233   12223