+7 (727) 267-28-83

НН

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші, ұстаз Нұрғали Нүсіпжановтың туғанына 85 жыл толуына орай «Қазақтың біртуар әншісі Нұрғали Нүсіпжанов 85 жаста» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылғы 5 қаңтарда Талдықорған облысы Доланал ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының вокал факультетін бітірген. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің, «Қазақконцерт» концерттік-гастрольдік бірлестігінің, Қазақ радиосы мен телевидениесінің әртісі болды. Ұзақ жылдар бойы «Отырар сазы» оркестрінде сәтті өнер көрсете жүріп, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртісі болып табылады. Н.Нүсіпжанов бұл ұжымның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты, оның репертуарын көптеген халық әндерімен толықтырды. Бұл топты құрудың бастауында аса көрнекті шебер және оркестрдің негізін қалаушы, КСРО халық әртісі Н.Тілендиевпен бірге тұрды.

Н.Нүсіпжанов – Н.Тілендиевтің көптеген вокалдық шығармаларының алғашқы орындаушысы және жарты ғасырдан астам қазақ өнеріне аянбай қызмет етіп келеді. Оның Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Мүсілім және Рашид Абдуллиндер, Зейнеп Қойшыбаева, Бақыт Әшімова, Ескендір Хасанғалиев, Гүлвира Разиева, Лаки Кесоғлу, Мақпал Жүнісова сынды жарық жұлдыздармен өнер көрсеткені ұмытылмайды.

Н.Нүсіпжанов жеке концерттерімен бүкіл Қазақстанды, ең шалғай ауылдарды аралап, республикамыздың аудандары мен облыстарында шағын фольклорлық-эстрадалық ансамбльдер ұйымдастыруға атсалысты, Қазақстанның сахна өнерін шетелдерде: Швеция, Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Йемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Греция, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша, Қытай және басқа елдерде табысты насихаттады.

Нұрғали Нүсіпжанов – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.

Көрменің мақсаты – көрнекті әртістің музыкалық шығармашылығын кеңінен насихаттау және оның сан қырлы талантымен таныстыру. Көрмеге  О. Дөңқабақ «Дәуір дүлдүлдері», Ш. Сариев  «Сүйінші»,  Е. Өміров,  А. Харесов «Өнердегі белестер», С. Сауытбаева, Б. Масатова, Б. Масатов «Қазақ киносының тарихынан. Аққумен ән қосқан әншілер», «Жүрегі ән деп соғатын», «Абайдың әндері мен күйлері – Песни и кюи Абая» және т.б. әншінің өмірінің қайталанбас қырларын көрсететін кітаптар қойылды.

Сондай-ақ, мерзімді басылым беттерінде жазылған көрнекті әншінің өмірі, музыкалық шығармашылығы туралы сұхбаттар мен әңгімелер және оның винил күйтабақтарында орындаған жазбалары ұсынылды.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!