+7 (727) 267-28-83

шолпан

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, КСРО халық әртісі, педагог Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған «Қазақ театрының жарық жұлдызы Шолпан Жандарбековаға - 100 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шолпан Исабекқызы Жандарбекова 1922 жылы 1 қаңтарда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Милыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Алматыдағы театр-көркемсурет училищесін бітірді. Киноға түсіп, кинорежиссер Ш.Аймановпен бірге жұмыс істеді. 1941 жылдан өмірінің соңына дейін  М. Әуезов атындағы Қазақ драма театрының актрисасы болды, 200-ден астам рөлдерде ойнады.

1945 жылы Шолпан Жандарбекова «Абай жолы» фильміндегі дебютін жасады. Содан кейін актриса Зияда рөлінде «Дала қызы», Баян Сұлу рөлінде «Махаббат туралы Поэма», «Перекресток» және т.б. фильмдерге түсті.

1968 жылдан бастап Ш. Жандарбекова педагогикалық қызметпен айналысты. 1978 жылдан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Актер шеберлігі» пәнінен сабақ берді, болашақ театр әртістерін дайындауға үлкен үлес қосты.

Қазақ театр қайраткері, театр және кино актрисасы, педагог Шолпан Жандарбекова М. Әуезов «Сынақ сағатында» - Раш, Ғ. Мүсірепов «Ақан сері мен Ақтоты» - Ақтоты, Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» - Баян, М. Әуезов «Еңлік-Кебек» - Еңлік, М. Әуезов «Абай» - Тоғжан, М. Әуезов «Айман-Шолпан» - Шолпан және т. б. рөлдерде ойнады.

Ш. Жандарбекова - Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

2013 жылы Алматыда Шолпан Жандарбекова тұрған Жамбыл көшесіндегі № 42 үйдің қабырғасында оның құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Көрменің мақсаты - көрнекті театр актрисасының шығармашылығын насихаттау. Оның талантының, шығармашылық жолының барлық қырларын көрсету, ұлы тұлғаға құрмет көрсету.

Көрмеде   Н. И.  Львовтың   «Қазақ   академиялық   драма   театры»,  

Б. Құндақбаевтың «Уақыт және театр» және «Театр жолы», «Жандарбеков Құрманбек туралы естеліктер», Б.Нұрпейістің «Қазақ театры режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915-2005)», «Шара», «Қазақ сахнасының шеберлері» және т.б. кітаптары қойылды. Сондай-ақ, оқырмандарға актрисаның өмірі, оның шығармашылығы мен актерлік шеберлігі туралы мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған сұхбаттар мен әңгімелер қызықты болары сөзсіз.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

Сайтта

Қазір сайтта 440 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.