+7 (727) 267-28-83

ескертк3ш

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған «Тәуелсіздік кіндігі – Желтоқсан!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы – 1986 жылғы 16-17 желтоқсанда сол кездегі Қазақ КСР-нің астанасы болған Алматы қаласында орын алған қазақ жастарының жаппай наразылықтары мен Кеңес билігінің шешімдеріне қарсы халық көтерілісі.

Жастардың үндеуі коммунистік таптаурындарды бұзып, бүкіл кеңестік кеңістікті дүр сілкіндірген 1986 жылғы желтоқсандағы тарихи оқиғаға биыл 35 жыл толады. Желтоқсан оқиғасы жаңа дәуірдің бастауын көрсетті. Желтоқсан бір халықтың екінші халыққа қарсы әрекеті емес, азаттыққа ұмтылған мыңдаған халықтың тоталитарлық жүйенің езгісіне қарсы алғашқы наразылық көрінісі болды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының республикадағы көптеген заманауи үдерістерді түсіну үшін маңызы зор. Олар Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуына зор ықпал етті. 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігі туралы» Заң қабылдады. Қазақстанның Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып табылады және жыл сайын 16-17 желтоқсанда тойланады.

2006 жылы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай Алматыда 1986 жылғы тарихи оқиғаға құрмет ретінде «Тәуелсіздік таңы – Азаттық таңы» атты ескерткіш орнатылды. Сәтбаев-Желтоқсан көшелерінің қиылысында орнатылған зәулім ескерткіш ерлік пен қайраттың, сенім мен үміттің символына айналды. Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанның қол жеткізген тәуелсіздігі мемлекеттің тәуелсіздік алып қана қоймай, әлемде абыроймен бәсекеге түскенін, болашағын еркін басқара бастағанын көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тәуелсіздігінің нығаюына жан-жақты үлес қосып, көпэтносты, көпконфессиялы және көпмәдениетті қазақстандық қоғамда толеранттылықты қамтамасыз етеді.

«Тәуелсіздік кіндігі – Желтоқсан!» атты кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын бейнелейтін кітаптар, оған қатысушылар туралы құжаттар, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен баяндамалары қамтылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың материалдары ұсынылған.

Кітап көрмесінің мақсаты – оқырмандарды әрбір қазақстандықтың тағдырында бетбұрыс болған Желтоқсан оқиғасын бейнелейтін материалдармен таныстыру, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ұялату.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

көрме   көрме1