+7 (727) 267-28-83

Бельгер

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында белгілі қазақстандық жазушы, аудармашы және публицист Герольд Карлович Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ руханиятының жанашыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысының Энгельс қаласында Еділ немістерінің отбасында дүниеге келген. 1941 жылы оның отбасы Қазақстанның Есіл өзені бойындағы  қазақ ауылына жер аударылды. Қазақ орта мектебінде оқыды. 1958 ж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдебиет  факультетін, 1963 жылы сол институттың аспирантурасын бітірді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының  қорында жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материалдар сақталған: шығармалары, аудармалары, көптеген басылымдары, әдеби сыни еңбектері мен мерзімді басылым  беттеріндегі мақалалары, сонымен қатар ол туралы материалдар да бар. Жазушының қазақ, неміс және орыс мәдениетінің дәстүрлерін бойына сіңірген шығармашылық мұрасы мәдениетаралық диалогты қалыптастыруда адамгершілік, рухани бағдар, болашақ ұрпаққа құнды өсиеттер жинағына айналды.

2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» оқу залында әйгілі жазушы Г.Бельгердің есімін мәңгілікке есте қалдыру және оның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында мемориалдық кабинет ашылды. Жазушының үй кабинетінің  ішкі көрінісі көрсетілген және жеке заттары сақталған.

«Қазақ руханиятының жанашыры» атты  кітап көрмесінің бірінші бөлімі оқырмандарды Г.Бельгердің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдармен таныстырады. Жазушы еңбек жолын 1953 жылы  лаборант, кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы орта мектепте мұғалім болып бастады. 1963 ж. - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, 1989 ж. - Неміс ұлттық мәдени орталығының төрағасы, 1995 ж. - «Феникс» альманағының бас редакторы, 1998 ж. – Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрағасы.  Павлодар облысынан  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1994-1995), Алматыдағы Неміс мәдени қоғамының төрағасы. Қазақстан немістер кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, ЮНЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы комиссиясының мүшесі. «Парасат» және «Германия Федеративтік Республикасына сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, Бейбітшілік және рухани келісім Президенттік сыйлығымен, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығымен және медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Б.Майлин атындағы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты.

Көрменің екінші бөлімі оқырмандарды жазушы Г.Бельгердің шығармашылығымен таныстырады. Оның туындылары  адами қарым-қатынастың терең  мағынасына, туған жерге деген сүйіспеншілікке, жоғары азаматтық ұстаным мен патриотизмге толы: «Сосновый дом на краю аула» (1973), «Чайки над степью» (1976), «За шестью перевалами» (1977), «Брат среди братьев» (1981), «Каменный брод» (1987), «Завтра будет солнце» (1992), «Земные избранники (Гете, Абай)» (1995), «Помни имя свое» (1999), «Казахское слово» (2001), «Дом скитальца» (2003), «Гармония духа» (2003), «Туюк су» (2004), «Ода переводу» (2005), «Разлад» (2008),  10 томдық «Избранные произведения» (2009-2010) және т.б. Г. Бельгер 1800-ден астам басылымның авторы, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, А.Нұрпейісов және т.б. қазақ әдебиеті  классиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударды.

Кітап көрмесінің үшінші бөлімінде қазақстандық белгілі тұлғаларының Г.Бельгер туралы кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде  жарияланған мақалалары ұсынылған.

Көрменің мақсаты-Қазақстан халқының әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің қарқынды дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қазақстандық жазушы Г.Бельгердің өмірімен және шығармашылығымен таныстыру.

            Кітап көрмесіне шақырамыз!

кітап көрмесі Г.Бельгер   экскурсия в м.кабинет Г.Бельгера

 

Сайтта

Қазір сайтта 419 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.