+7 (727) 267-28-83

Ыдырыс

«Өнер» бөлімінің оқу залында белгілі қазақ театр және кино актері, педагог, профессор, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО-ның екі Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевтың 90 жылдығына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ыдырыс Ноғайбайұлы Ноғайбаев 1931 жылы 15 мамырда Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген. 1949 жылы Алматы театр-көркемөнер училищесін және 1954 жылы А.В. Луначарский атындағы Мәскеу мемлекет- тік театр өнері институтын бітірген.               

Институтты бітіргеннен кейін Ы.Ноғайбаев М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына бірден қабылданып, сол жерде бүкіл шығармашылық өмірін өткізді. Бұл сахнада ол театрдың классикалық және заманауи репертуарындағы 150-ден астам рөлдерді ойнады.              

Актер М.Әуезов пен Л.Соболевтің аттас трагедиясында Абай бейнесін, У.Шекспирдің «Еркекті бағындыруда» Петручионың, М. Горькийдің осы аттас пьесасында Егор Булычевтің, А.Каплердің «Ленин 1918 жылы» спектаклінде Горькийдің, О.Иоселианидің «Арба аударылғанша» пьесасындағы Агабо, «Айман-Шолпандағы» Басыбардың, М. Әуезовтің аттас пьесасындағы Қобыланды, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебектегі» Есен, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян Сұлуындағы» Қарабай, Т.Ахтановтың «Антындағы» Сауран, «Фудзияма тауына шығу» фильміндегі Досберген. Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың «Ана өрісіндегі» Сұбанқұл және т.б. рөлдерді сомдады.              

Ы.Ноғайбаев кинода да көптеген қызықты рөлдерді сомдады: «Бұл Шұғылада болды» фильміндегі колхоз төрағасы, «Ботагөз» фильміндегі Амантай, «Мазасыз таң» драмасындағы чекист, «Бірінші мұғалім» фильміндегі байдың бейнесін, «Қан мен тер» фильміндегі бақыт үшін күресуші Қален, осы аттас телехикаяда ұлы ақын Абай, «Қаланың қалқаны» фильміндегі мемлекеттік комиссия төрағасы, «Асығыс хабаршылар» фильмінде дана батыр Бөгенбай. «Нан дәмі» фильміндегі Кемелов рөлі үшін Ы.Ноғайбаевқа КСРО-ның екінші Мемлекеттік сыйлығы берілді.           

Ы.Ноғайбаев өзінің шығармашылық қызметімен қатар, Алматы театр-көркемөнер институтында оқытушылық қызметпен де айналысты.           

Актер «Құрмет Белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Алматыдағы көше мен Алматы облысының Қараой ауылындағы №18 орта мектепке оның есімі берілді.            Ы.Ноғайбаев 1989 жылы 31 тамызда Алматыда қайтыс болды. Ол Кеңсай  зиратында зайыбы - актриса, КСРО-ның  халық әртісі Фарида Шариповамен бірге жерленген.           

Кітап көрмесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының кітап және мерзімді басылымдар қорынан Ноғайбаев Ыдырыс Ноғайбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылған.

                       Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!

Сайтта

Қазір сайтта 400 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.